Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында жаппай улану дерегі тіркелді.
Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Әкімдіктің мәліметінше, 30 шілдеде екі бала өзін нашар сезінген. Олар құсып, іші өткен. 31 шілдеде осы мекемедегі тағы 10 балада ұқсас белгілері бар дерт анықталып, ауруханаға жатқызылды.
Дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, бір баланы құтқару мүмкін болмады. Бүгінгі таңда алты бала реанимацияда, қалғандары дәрігерлердің бақылауында, — делінген әкімдік хабарламасында.
Оқиғаның себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Қылмыстық іс қозғалды және Қарағанды облысының арнайы прокурорлар басқармасына берілді.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев тергеу нәтижесінде жауапты тұлғалар анықталып, жазаланатынын айтып өтті. Мекеме директорының міндетін атқарушы қызметінен шеттетілді.
Үкімет кулуарында Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова осы оқиғаға қатысты түсінік берді.
Уланудың себебі әзірге белгісіз. Бірақ алдын ала мәлімет бойынша олар астан уланбаған, — деді бас санитар дірігер.
Ауруханаға түскендердің барлығы – жасөспірім ер балалар.