Басты бетЖаңалықтарОралда ұстаздарға...

Оралда ұстаздарға арналған республикалық семинар өтті

Орал қаласының білім беру бөліміне қарасты Оқушылар сарайы базасында Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен қосымша білім беру мен тәрбие жұмысында сабақтан тыс балалардың іс-әрекетін ұйымдастырудың формалары мен әдістерінің тиімділігін жетілдіру және арттыру, өзара тәжірибе алмасу мақсатында «Білім беру мекемелеріндегі тәрбие жұмысы және қосымша білім беру бойынша үздік тәжірибе» тақырыбында семинар өткізілді.

Семинарға Алматы, Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл, Жетісу облыстарының педагогтері қатысты. Семинарда облыс бойынша үздік қосымша білім беру бағытындағы жұмыстар көрсетіліп, Оқушылар сарайының қосымша білім педагогі Серіков Мархабат «Қауіпсіздік — басты назарда» тақырыбында мобильдік алаңның жұмысын ұсынып, қала мектептері оқушыларына жол қауіпсіздік ережелерін үйрету бойынша Оқушылар сарайының жұмысын көрсетті.

Оқушылар сарайының қосымша білім беру педагогі Қырықбаев Нұрбол «ІТ—біздің таңдауымыз» тақырыбында жұмысы халықаралық деңгейде көрінген Оқушылар сарайындағы үздік «Робототехника» үйірмесінің жұмысы туралы айтса, қазіргі уақытта тәрбие саласында ерекше көңіл бөлініп отырған дебат қозғалысы туралы Оқушылар сарайының қосымша білім беру педагогі, облыстық, республикалық, халықаралық турнирлердің жеңімпазы Жалмұхан Ерсұлтан «Өзіңді пікірсайыспен дамыт» тақырыбында озық іс-тәжірибесімен бөлісті.

Орал қаласы білім беру бөлімінің 2020-2023 жж. арналған «Өзіңнен баста!» жобасының жүргізілу нәтижесін Х.Доспанова атындағы №30 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ишанова Әсел таныстырды.

Д.А.Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Темірбаева Құралай «Кемеңгер тұлғаның кемел бейнесі» тақырыбымен мектепке есімі берілген тұлғаның өмірлік жолы негізінде оқушыларды патриоттық, азаматтық рухта тәрбиелеу үлгісін көрсетті.

№5 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Наурыз Ертілек «Қазіргі заманғы инновациялық тәрбие парадигмасы» тақырыбында тәрбие үрдісіндегі жаңашыл әдіс-тәсілдерімен бөлісті.