Басты бетЖаңалықтарАлматыда Абай...

Алматыда Абай даңғылының бір бөлігі уақытша жабылады

Алматының Абай даңғылында жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Кесте бойынша даңғылдың келесі учаскесі уақытша жабылады.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, Абай даңғылындағы жол жұмыстары бекітілген кесте бойынша жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта батыс бағытта Достық даңғылынан Есентай өзеніндегі көпірге дейінгі және шығыс бағытта Тілендиев көшесінен Әуезов көшесіне дейінгі аумақтарда жөндеу жұмыстары толық аяқталып, жол ашылды.

Келесі учаске – Есентай өзенінен Наурызбай батыр көшесіне дейін. 28 шілде түнгі сағат 23.00-ден 30 шілде таңғы 06.00-ге дейін даңғылдың солтүстік бетінде полимерлі асфальтбетон жабынын төсеу жұмыстарына байланысты көлік қозғалысы толық шектеледі.

Жабық жерлерді Сәтбаев, Құрманғазы көшелері арқылы айналып өтіге болады. Наурызбай батыр, Байтұрсынов көшелері мен Сейфуллин даңғылы арқылы кесіп өтетін жол ашық болады. Орталық стадионға кіріп, шығатын жол, Масаншы көшесінен Абай даңғылына солтүстік бағытта бұрылатын жолда қозғалыс шектеледі. Сәтбаев және Байтұрсынов көшелері арқылы айналып өтуге болады, — делінген хабарламада.

Жол-көлік оқиғасының алдын алу және жол қозғалысын ұйымдастыру үшін жоғарыда аталған көше учаскесінде патрульдік полиция қызметкерлері жұмылдырылады.

Жөндеу жүргізілетін учаскелер туралы өзекті ақпаратпен қала әкімдігі мен қалалық мобилділік басқармасының (@qmb_almaty) ресми парақшаларында, сонымен бірге 2ГИС қолданбасында танысуға болады.