Мәжіліс депутаттары Максим Рожин мен Мақсат Толықбай «Amanat» партиясының фракциясымен кездесті,облыстық басқармалар басшыларымен кездесті.
Жиында облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева баяндама жасап, өңірде үш ауысымда оқытатын мектеп мәселесі қалай шешіліп жатқанынан хабардар етті. Оның мәліметінше, қазіргі таңда облыста 51 мектепте 87 362 оқушы, оның ішінде 15 378 оқушы үшінші ауысымда оқиды. Облыста 28 936 оқушыға орын тапшы. Ал жалпы өңірде 330 395 оқушы бар.
Бұл мәселені жою үшін үкімет қаулысына сәйкес, облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 54 900 орындық 53 мектеп салынады. Биыл 26 мектеп құрылысы басталады деп жоспарланып отыр. Оның 7-інде құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Ал келесі жылы 27 мектеп салынбақ. Баяндамадан соң Салтанат Беспаеваға депутаттардың мектеп құрылыстарына қатысты қойған сауалдарына жауап берді.
Биыл облыста «Жайлы мектеп» жобасынан бөлек, 16 мектеп салынып жатыр. Өңірдегі 68 білім ордасы мектепке бейімделген ғимаратта орналасқан, 23 мектепте оқушылар тозығы жеткен, ескірген ғимаратта білім алуға мәжбүр.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі “жемқорлардан тәркіленген” қаражатқа облыстарда салынатын мектептердің тізімін жариялаған. Ол бойынша Алматы облысында 10 мектеп салынбақ.
Облыста мектеп тапшылығы өзекті мәселе екенін өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев Қонаев қаласында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында айтқан. Оның сөзінше, облыста бірінші сынып оқушыларының жыл сайынғы өсімі 13 мың баланы құрайды, демек, жыл сайын кем дегенде 13 мектеп салынуы тиіс. Әкімнің дерегінше, облыс халқының үштен бірі немесе 478 мың адам – мектеп жасына дейінгі балалар мен мектеп оқушылары.