Жайық өңірі жылыту маусымына әзірленіп жатыр

Мемлекет басшысы жылыту маусымына дайындық жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берген болатын. Осыған орай облыс әкімі Нариман Төреғалиев Орал қаласының жылыту маусымына дайындық жағдайын қарап, коммуналдық кәсіпорындарда жөндеу жұмыстарының қалай жүріп жатқанын тексеріп шықты.

Алдымен ол төтенше жағдай жарияланған Зашаған кентіндегі Мұрат Мөңкеұлы ықшам ауданына барды. Мұндағы №3 қазандықтан көпқабатты үйлерге дейін тарайтын құбырлардың жалпы ұзындығы 9 шақырым. Осы құбырлар толық жаңасына ауыстырылады. Бүгінде жұмыс 65%-ке орындалған. Өңір басшысы қала әкімі М.Сатқанов пен мердігерге жұмысты жылыту маусымына дейін аяқтауды тапсырды.

Тұрғындар ыстық су мен жылуға алаңдамауы керек. Мәселе менің жеке бақылауымда болады, — деді Н.Төреғалиев.

Зашаған кентіндегі апатты қазандықтардың бірі — Ғалымдар ауылында орналасқан. Бұл қазандық 50 жылдан бері жұмыс жасап келеді. 9 көпқабатты үйге, 6 өндіріс орнына және бір балабақшаға осы қазандықтан жылу беріледі. Жаңа қазандық салуға жыл басында қаражат бөлінді. Мердігер жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтауды көздеп отыр.

Фото: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

Бұл қазандық «Жайықжылуқуат» жылу электр орталығына қарайды. Ол Орал қаласын жылумен, ыстық сумен қамтамасыз ететін кәсіпорын. Бір ай бұрын мұнда жаңа блокты-модульдік градирня, яғни салқындату мұнарасы іске қосылды. Ендігі кезекте, электр қуатын өндіретін үш турбоагрегаттың біреуі жаңартылуда. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланды. Жаңа қондырғы өндірілетін электр энергиясын 12 МВт-қа ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Облыс әкімі қала көшелерін жарықтандыру барысымен де танысты. Енді Әбілхайыр хан даңғылы бойындағы желілер әуе арқылы емес, жер астымен жүргізіледі. Яғни, алдағы уақытта көше бойындағы шырмалған сымдардан арылып, электр желілерінің ағаш бұталарына ілініп, үзіліп-зақымдануы да азаяды. Қос бағытты қоса алғанда желінің жалпы ұзындығы 13 шақырым болып отыр. Құрылыс жұмыстары қыркүйек айында аяқталады.