Басты бетЖаңалықтарЖайық өңірінде...

Жайық өңірінде су каналдары қайта жаңғыртылып жатыр

Кейінгі жылдары Батыс Қазақстан облысында ауылдық елді мекендерді сумен қамту ең өзекті мәселеге айналды. Сол себепті президент тапсырмасы шеңберінде су нысандарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін аса маңызды каналдарды қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынып жатыр.

Жалпы, тарихқа үңілсек, 1950-70 жылдары облыста Жайық-Шалқар және Азынабай-Тайпақ суару-суландыру жүйесі жұмыс жасаған болатын. Кеңес одағы келмеске кеткеннен кейін бұл жүйе де кәдімгідей тоқырады. Ендігі мақсат – осы суландыру жүйесін толық қалпына келтіріп, іске қосу.

Жайық-Шалқар каналы халқы көп, төрт түлігі мол Теректі ауданы үшін стратегиялық маңызға ие нысан. Канал жайылым жерлерге су жіберіп қана қоймай, өңірдің інжу-маржаны саналатын Шалқар көлінің экологиялық ахуалын жақсартады. Осы орайда облыс әкімі Нариман Төреғалиев Теректі ауданына жұмыс сапарымен барып, ұзындығы 94,4 шақырымды құрайтын Жайық-Шалқар каналын реконструкциялау жобасымен танысты.

Жоба шеңберінде Ақжайық ауылы тұсында Жайық өзеніне су айдайтын жүзбелі сорғы станциясы қойылып, Жайық-Шалқар каналына секундына 8 текше метр шығынмен, ал одан кейін Ащы өзенінен Ащы-Азынабай-Тайпақ каналына секундына 3 текше метр шығынмен су жіберу көзделген. Жобаның іске асырылу мерзімі 2024-2026 жылдар аралығы. Өңір басшысы келер жылы кідірмей жұмысты бастап кету үшін аудан әкімі мен құзырлы мекемелерге жобалық құжаттаманы мұқият зерттеуді тапсырды. Шетелдік тәжірибеге сүйене отырып, су шығынын азайту жолдары да қарастырады.

Егер аталған жобалар сәтті жүзеге асса, Жайық өзенінің сол жағалауындағы аудандардың 350 мың гектарға дейін жайылым жерлерін суландыруға және Шалқар көлін қосымша сумен толтыруға мүмкіндік беріліп, каналдардың бойындағы ауылдардың жағдайына оң әсерін тигізбек.

Теректі ауылындағы күрделі мәселенің бірі – аудан орталығындағы емхананың жағдайы. Жетпісінші жылдардың басында салынған ескі ғимарат бұрын қонақ үй болған, қазіргі заман талабына сай емес. 2021 жылы жаңа ғимараттың құрылысы басталғанмен, түрлі себептермен құрылыс тоқтап қалған еді. Қазір жұмыс қайта жанданды. Өңір басшысы биыл қалайда нысанның төбесін жауып, келер жылы 200 орындық емхананы пайдалануға беруді тапсырды.

Сонымен қатар Нариман Төреғалиев Сарыөмір ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның құрылысымен де танысты. Нысан 40%-ға дайын. Сыртқы қабырғаларын қалау және жабын плиталарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс ұзақтығы – 4 ай. Мердігер мекеме «Иском» фирмасының басшысы нысанды кестеге сай 2023 жылдың қарашасында пайдалануға беретінін баяндады.

Облыс әкімі Теректі ауданы аумағымен өтетін Подстепное-Теректі-Ресей шекарасы күре жолын күрделі жөндеу жұмыстарын барып көрді. Былтыр басталған жол төрт бөлікке бөлінген. Бастапқы 36 шақырымы мен 108-144 шақырымында қазір қызу жұмыс жүріп жатыр. Мердігер «Қазкомсервис» ұйымы Теректі ауылынан Подстепное ауылына қарай ұзындығы 14 шақырым жолдың бөлігінде күрделі жөндеу жұмыстарын бастады. Н.Төреғалиев «ҚазАвтоЖол» компаниясы мен мердігерге жұмыстарды биыл бітіруді тапсырды.

Жолдың қалған екі бөлігінде жер актілерін жасау және орман қорынан шығару жұмысы атқарылып жатыр. Үкіметтің арнайы қаулысы шыққан соң жол салу КПО б.в компаниясының әлеуметтік жауапкершілік бастамалары аясында жүзеге асырылады.