Еліміздегі шағын және микро бизнесті қолдауға бағытталған «Бизнес-трамплин» байқауында ашық дауыс беру басталды. Байқаудың негізгі номинациясында үш жеңімпаз 7 миллион теңге, 5 миллион теңге және 3 миллион теңге алады. Оған қоса «әлеуметтік бизнес» номинациясы бойынша 7 миллион теңге және «қазылар алқасының арнайы сыйлығы» номинациясы бойынша 2 миллион теңге грантын иеленеді.
Байқаудың бірінші кезеңінде «Бизнес-трамплинге» қатысуға түрлі сектордан 644 компания өтінім берді. Олардың ішінде білім беру орталықтары, кондитерлік дүкендер, қазақстандық тоқыма, тұрмыстық және косметикалық өндіріс орындары бар.
Қатысушылар екі кезең бойынша іріктелді. Бірінші кезеңде ұйымдастырушылар өтінімдерді мұқият іріктеп, ТОП-100 жобаның тізімін жасады. Одан әрі қатысушылар арасында сараптамалық бағалау жүргізілді: шақырылған бизнес-сарапшылар негізгі номинациядан 30 бизнесті және келесі кезеңге өткен 10 әлеуметтік бизнесті таңдады. Олардың ішінде тек 10 компания мәреге жетуге мүмкіндік алады.
Жобаның https://businessspringboard.kz/voting уеб-сайтында әркім жеңімпаздарды таңдап, оларға 30 шілдеге дейін дауыс бере алады.
Сарапшылар тобының құрамына Қазақстан бизнес-индустриясының белгілі өкілдері кірді. Олардың ішінде Антон Бороздин, тележүргізуші және кәсіпкер Серік Ақышев, танымал инфлюенсерлер әрі табысты бизнес-көшбасшылар Әлішер Елікбаев, Маржан Өтеген және Зауре Розмат бар.
Байқаудың соңғы кезеңі 2023 жылғы 21 тамызда өтеді. Финалистер сарапшы қазылар алқасының алдында презентациялар жасап, өздінің бірегей бизнес-жобаларын қорғайды.
Питчиң нәтижесі бойынша қазылар алқасы негізгі номинация бойынша конкурстың үш жеңімпазын, «әлеуметтік бизнес» номинациясының жеңімпазын және «қазылар алқасының арнайы жүлдесі» иегерін анықтайды.
«Бизнес-трамплин» жобасы Visa компаниясының #WhereYouShopMatters #buylocals жаһандық бастамасы аясында жүзеге асырылып жатыр.