Қала билігі «Шымкент әкімі ауысты» деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді

Шымкент әкімдігі қала әкімі Мұрат Әйтеновтің ауысқаны туралы дерек жалған екенін хабарлады.

Бүгін бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Шымкент қаласы әкімінің ауысатыны туралы жалған ақпарат жарияланып жатыр. Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдейді. Сонымен қатар, қазір қала әкімі Мұрат Әйтеновтің лауазымдық қызметінде екенін хабарлайды, — делінген әкімдік хабарламасында.

20 шілдеде Шымкентте қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов ұсталды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, ол сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікке ілінген. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, барлық қажет жедел-іздестіру шарасы жүргізіліп жатыр. 21 шілдеде мегаполистің мамандандырылған тергеу соты әкімнің орынбасары Мақсұт Исаховқа қатысты екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады.