Басты бетЖаңалықтарДәрі-дәрмек неге...

Дәрі-дәрмек неге қымбаттап кетті?

Қазақстандағы дәрі-дәрмектің 70%-дан астамы шетелден әкелінеді. Баға шетелдік валюта бағамына тәуелді. Сондықтан дәрінің бағасы кейде өседі, кейде төмендейді.

 «Әр мемлекетте жыл сайын инфляция болады. Өкінішке қарай, осы жағдай дәрі-дәрмек бағасына әсер етеді. Қазіргі таңда еліміздегі дәрі-дәрмектің басым бөлігі, яғни 70%-дан астамы шетелден әкелінеді. Сондықтан оның бағасы шетелдік валюта бағамына тәуелді. Осыған сәйкес, дәрінің бағасы кейбір жағдайда төмендейді, ал кейде өсіп кетеді», — деді Елжан Біртанов.
Министр алдағы уақытта еліміздегі дәріхана сөрелерінде тұрған 4 мыңнан астам дәрінің қымбаттамайтынын мәлімдеді.

«Қазақстанда 7 700-ден астам дәрі-дәрмек тіркелген. Оның ішінде 4 мыңнан астам дәрінің бағасын біз бекіттік. Оның бағасы өспейді», — деді ол.

Елжан Біртанов жекеменшік дәріханаларда бағасы еселеніп сатылып жатқан дәрілерге қатысты мәселені шешу күрделі екендігін атап өтті.

«Бірақ, жекеменшік дәріханаларда сатылатын дәрі-дәрмектің бағасына қатысты жұмыстарды біз әлі бастаған жоқпыз. Елбасының тапсырмасына сәйкес, біз осы жылдан бастап, заңдық-құқықтық актіні дайындап жатырмыз. Биыл денсаулық сақтау саласындағы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін, біз жекеменшік дәріханаларда сатылатын дәрі-дәрмектің бағасын бекіте алатын боламыз. Осы жылдың аяғына дейін осы жұмысты аяқтап, ары қарай дәрі-дәрмектің бағасын бекітеміз. Кейін оның бағасын өсіру қиынға түседі», — деп түйіндеді сөзін Елжан Біртанов.

ДереккөзBaq.kz