Прокурорлар мемлекеттік, жекеменшік және шатырлы лагерьлерді тексеруге кірісті. Бұл туралы бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Жазғы кезеңді және балалардың құқықтарының ықтимал бұзылуын ескере отырып, аумақтық прокурорлар уәкілетті органдармен бірге мемлекеттік, жеке және шатырлы лагерьлердің қызметін тексеруге кірісті.
Тексерулермен балалардың тұру, санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуын, өрт қауіпсіздігін, тамақпен және медициналық көмек беру жағдайын қамту жоспарланып жатыр, — делінген хабарламада.
Оған қоса 2023 жылға арналған балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша қызметтерді сатып алу кезінде заңдылықты сақтау мәселелері зерттеліп жатыр.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінде елімізде 848 лагерь жұмыс істейді. Оның ішінде 118 – мемлекеттік, 100 – жекеменшік, 630 – шатырлы.
Cонымен қатар маусым айында 10 216 мектеп жанындағы лагерь жұмыс жасады.
Айта кетейік, Алматыда 16 шілде күні әлеуметтік желіде «Арман Дала» сауна ғимаратынан ашылған лагерінен видео тарады. Ата-аналар наразылық білдіріп, дабыл қақты.
Алматының прокуратурасы лагерьді тексеріп, лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы және «Сауна ғимаратында балалар лагерін» ұйымдастыру кезінде кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабы фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Оған қоса сол балалар лагеріне бюджеттен 107,8 миллион теңге бөлінгені анықталды.