Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман Әл Саудпен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесуде сауда-экономика, инвестиция, энергетика, «жасыл» энергетика, туризм, ауыл шаруашылығы және көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының тақ мұрагері, премьер-министрі Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Саудқа «Орталық Азия + Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі» мемлекеттер басшыларының бірінші саммитіне қатысуға шақырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін алғыс айтты.
Мемлекет басшысы Сауд Арабиясы Қазақстанның ислам және араб әлеміндегі негізгі стратегиялық серіктесі екенін атап өтті.
Өз кезегінде тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Сауд Қазақстан Сауд Арабиясының Орталық Азия аймағындағы маңызды әрі сенімді серіктесі екенін айтты.
Оның айтуынша, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды одан әрі дамытып, нығайту үшін мол әлеует бар. Оған қоса ол екіжақты қатынастарды жаңа деңгейге көтеру үшін күш салуға ниетті екенін жеткізді.