Басты бетЖаңалықтарБиыл елімізде...

Биыл елімізде қанша жанармай өндірілді?

«ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасының орынбасары Дмитрий Макеев биыл мұнай өңдеу зауыттары өндірген жағармай туралы айтты.

Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша зауыттарда бензин өндіру көлемі энергетика министрлігі бекіткен жоспардан артығымен орындалды. Жоспарда 2 миллион 400 мың тоннаға жуық болса, іс жүзінде 2 миллион 600 мың тонна өндірдік. Яғни, бекітілген жоспарға қарағанда 107% болды. Оның ішінде АИ-95 бензині бойынша жоспар артығымен орындалды, 417 мың тоннаның орнына 449 мың тонна өндірілді, — деді Д. Макеев елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, авиаотын бойынша бекітілген жоспар 309 мың тоннан болса, аталған мерзімде соның 303 мың тоннасы ғана өндірілген.

Дизель отыны да артығымен өндірілді, жоспар 2,5 миллион тонна болса, 2,7 миллион тоннаға жуық өнім шығарылды. Қазір АИ-92 бензині бойынша 280 мың тонна қор бар, яғни бұл көлем 24 күнге жетеді. Ал АИ-95 бензинінің жинақталған 50 мың тоннасы 19 тәулікке жеткілікті. Дизель отынының 430 мың тонна (26 күндік) қоры бар. Авиациялық керосиннің жинақталған 80 мың тоннасы 42 күнге жетеді. Атап айтқанда, жанармай қоры жеткілікті, — деді компания өкілі.