Қазақстанда ХҚКО-дағы кезекті онлайн брондау қызметі банк қолданбасына енгізілді. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы хабарлады.
Halyk Bank қолданбасында ХҚКО-ға кезекті брондап, QR арқылы цифрлық талон алуға болады. Ол үшін «Мемлекеттік қызметтер» бөліміне кіріп, «ХҚКО-ға кезекті брондау» батырмасын басу қажет. Әрі қарай қолданба арқылы қаланы, ХҚКО-ның мекенжайын, сонымен қатар келу мақсатын белгілеп, келу күні мен уақытын таңдауға болады. ХҚКО-ға келген қызмет алушы қабылдау үстелінде орналасқан QR-ды сканерлеп, электрон цифрлық талон ала алады.
Мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Сүйеніш Әбділдиннің айтуынша, ХҚКО-ға келушілер тарапынан электрон кезектің талоны кейде дұрыс берілмейтініне қатысты шағымдар жиі түседі.
Енді осы мәселені жою мақсатында біз кезекті брондаудың балама әдісін ойластырып, талон алуға кепілдік беретін жобаны іске асырдық. Сонымен қатар жыл басынан бері 600 мыңнан астам азамат бронь бойынша ХҚКО-ға жүгініп, қағаз талондарын алған. Енді қағаз талондардың орнына, азаматтар ХҚКО қызметкеріне өзінің смартфонындағы электрон талонды көрсету арқылы қызмет ала алады, — дейді Әбділдин.