Басты бетЖаңалықтарСарыағашта бес...

Сарыағашта бес жасар қызды өлтіріп кетті: президент тапсырма берді

Мемлекет басшысына Түркістан облысының Сарыағаш ауданында бес жасар қыз баланың өлтірілгені жөніндегі қайғылы оқиға туралы мәлімет берілді.

Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Құқық қорғау органдары істі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Күдікті анықталды.

Қолда бар ақпарат бойынша, күдікті бұған дейін кісі өлтіргені үшін сотталып, 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Биыл оған адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін үш жылға бас бостандығын шектеу жөнінде үкім шығарылған.

Президент бас прокуратура мен ішкі істер министрлігіне болған қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырды. Мемлекет басшысы биыл шығарылған сот үкімінің заңдылығын қарастыру және адамға қатысты аса қауіпті қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту маңызды деп санайды.

Президент баланың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтты.

Айта кетейік, 13 шілдеде Сарыағаш полициясына жергілікті тұрғын бес жасар қызы жоғалып кеткенін хабарлайды. Жедел-іздестіру шаралары кезінде полицейлер ауыл тұрғындарының бірінің үйінен дене жарақаты бар қыздың мәйітін тапқан.