Әркім-ақ бақытты әрі бақуатты болғысы келеді. Оған бәрінің де құқы бар. Ал сол жан тыныштығы мен қамсыз күнге қалай жетуге болады? Тамаша идеяларды қалай жүзеге асырып, стартапты қалай бизнеске айналдырамыз?
Бұл сауалдарға қазіргі алып бизнесін стартаптан бастаған кәсіпкерлер мен психология тақырыбын қозғайтын жазушылар кітабында жауап береді. Оқырманға Foliant баспасының әлемдік бестеллерге енген кітаптарын ұсынамыз.
«Тиімді стартап». Бизнесті нөлден бастау
Кітаптың авторы — америкалық кәсіпкер, блогер Эрик Рис. Бизнесмен кәсіпкерлік пен менеджментті екі түрлі, тіпті бір-бірімен байланыспайтын ұғым деген түсінік бар екенін айтады. Кәсіпкерлікті жаңашылдыққа толы керемет, қызық деп қабылдасақ, менеджментті дәстүрлі, ескі форма деп білеміз дейді. Ол мұндай қате пікірді ұмытатын кез жеткенін жазады.
Бизнесмен оқырманға мына екі нәрсені ұсынады:
- идеяны стартапқа, стартапты бизнеске айналдыру жолдары;
- өзгермелі әлемде тұрақты әрі өміршең кәсіп бастау әдістемесі.
Стартаптың табысты болуы тұқымнан берілетін жақсы геннің не дәл уақытында дұрыс әрекет етудің салдарынан емес. Жетістікке жету дегеніміз — стартап үшін дұрыс үдерісті орындау екенін түсіну. Оны кез келген уақытта үйренуге де, үйретуге де болады, — делінген кітапта.
«Байлыққа бастар жол» ойдан басталады
Әйгілі америкалық жазушы, бизнес-тренер Наполеон Хиллдің бұл еңбегінде байлыққа қатысты принциптердің ең маңыздылары жазылған. Жазушы ақшаға қатысты алты қорқыныш пен оны жеңу қолдарын ашып көрсетеді. 13 принципті қолдану арқылы жетістікке жететін құралға ие боласыз.
Осы принциптермен таныспас бұрын мынаны біліп алыңыз: Байлық шөл далаға кенет жауған жаңбыр сияқты құйылғанда, сонша жыл зарықтырып қайда болды екен деп таңданасыз. Өйткені біз «ауыр еңбектен көз ашпай, күнұзақ жұмыс істегендер ғана байлыққа кенеледі» деп өстік , — делінген кітапта.
«Сергек сана». Ойыңды өзгертсең, өміріңді де өзгертесің
Кітапты хиропрактика докторы, эзотерика және психология бойынша бестселлерлер авторы Джо Диспенза жазған. Автор адамның өмірін төрт апта ішінде өзгертуге болатын бірегей бағдарлама ұсынады. Оған қоса ой-эмоцияны түбегейлі өзгерту мен медитацияны дұрыс жасау әдестерін көрсетеді.
Тұлға мен мінез-құлық, зерде мен шешім қабылдау қабілеті — осының бәрінің артында ми тұр. Ми неғұрлым сау болса, адам соғырлым бақытты, дана, бай әрі физикалық тұрғыдан денесі де мығым болады… Мықты күшке ие болуға не көмектеседі? Өзіміз имандай ұйыған иланымдарды терең талдау көмектеседі. Осылай басын ашып алғаннан кейін, ескі нанымдарды жаңаларымен салғастыру қажет, бәлкім, жаңаларының тигізер пайдасы әлдеқайда артық болар еді, — делінген кітапта.
«Нөлден бірге дейін». Болашақты өзгертетін стартапты қалай құру керек?
Бұл — кәсіпкер Питер Тильдің инвестор Блейк Мастерспен бірігіп жазған еңбегі. Олар кітапта мына екі сауалға жауап береді:
- Компанияны нөлден бастап қалай құруға болады?
- Оны табысқа жетелеп, нарық көшбасшысына айналдырудың сыры бар ма?
Питер Тильдің айтуынша, мұның сыры — бірегей өнім табу. Оның ойынша, стартапты алпауыт компанияға айналдыру үшін құрылтайшылар әлемге жаңа көзқараспен қарап, әлі ешкім дамытпаған «жеңімпаз» идеяны байқай білуі қажет.
Автор PayPal-дан бастап жүздеген сәтті инвестицияның тәжірибесіне сүйенеді. Сөйтіп стартап бастауды табысқа жету үшін кәсіпкер қандай стратегияны таңдау керек екенін түсіндіреді.
“Бәріне қолыңды бір сілте” немесе өміріңді жеңілдету өнері
Қазіргі қоғам табысты болуды насихаттайды. Табысқа жетуге барлық мүмкіндік те жасалған. Өміріңе маңызды өзгеріс әкелгің келсе, қол қусырып қарап отырмай, әрекет етуің керек. Ол үшін кез келген істі өзіңе мотивация беру үшін қолданған жөн.
«Бәріне қолыңды бір сілте» кітабын танымал америкалық блогер, журналист, жазушы Марк Мэнсон жазған. Ол әр адамның өзін-өзі дамытып, өмірін жеңілдетуі үшін ерекше кеңес ұсынады.
Оның өмірлік философиясы қарапайым ғана — бәріне қолыңды бір сілте! Сондықтан мұнда қайғыны қалай қаруға, жарақатты қалай күшке, ал проблеманы… қалай біршама күрделі мәселеге айналдыруға болатыны көрсетілген. Бір сөзбен айтқанда, кітап мазасыз, күйгелек болумен күресу нұсқаулығы іспетті.
Кітап ауыр бейнетке қарамастан жеңіл өмір сүруге, қорқынышыңды жеңіп, еркін болуға, сонымен бірге жүрегіңді сыздатқан мұң-шерің азапқа салса да, күліп жүруге үйретеді. Белгілі бір жетістікке жетектеп әуре қылмайды, керісінше, қолдағы барыңнан айырылып, ескі-құсқымен қоштасудың жаңа өмірге жол бастайтынын түсіндіреді.