Биылдан бастап энергия көздерінің жабдықтарын кешенді жаңғырту, сонымен қатар электр, жылу, сумен жабдықтау және су тарту желілерінің тозу деңгейін төмендету мақсатында «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын іске асыру басталды.
Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл апаттар санын азайтуға және жалпы ұсынылатын коммуналдық қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда ТКШ кәсіпорындарының тарифтер мен инвестициялық бағдарламаларды өзгертуге қатысты (жөндеу жұмыстары мен қызметкерлердің жалақысын көбейту, қараусыз жатқан желілерді күту және т.б.) 212 өтінімі бекітілді.
Нәтижесінде коммуналдық қызметтер тарифтерінің өзгеруі 10-30% болды, мұнда тұтынушылар мен коммуналдық қызметтер мүдделерінің теңгерімі ескерілген.
Бұл ретте халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарының коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығындардың бір бөлігі өтеледі. Мұндай тетік мемлекеттік тұрғын үй көмегін көрсету аясында көзделіп отыр.
Ол аз қамтылған отбасыларға немесе азаматтарға коммуналдық қызметтер (жылу, электр және сумен жабдықтау, байланыс, лифт қызметі және т. б.) шығындарын өтеу үшін тоқсан сайын төленеді.
Басты шарт – төлем алушының меншігінде Қазақстан аумағында бір ғана баспана болуы керек немесе ол мемлекеттік тұрғын үй қорынан, жеке меншік тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған баспананы жалға алушы (тең жалға алушы) болуға тиіс. Биыл үкімет енгізген өзгерістер бойынша, егер коммуналдық қызметтерге жұмсалатын сома отбасының немесе азаматтың бір айдағы жиынтық табысының 10%-нен асатын болса, тұрғын үй көмегі беріледі. Бұрын бұл көрсеткіш әр өңірге байланысты 2-20% аралығында болған. Бұл ретте әкімдіктер рұқсат етілген шекті деңгейді 10%-тен төмендетуге құқылы. Мысалы, егер отбасының немесе азаматтың бір айдағы жиынтық табысы 100 мың теңгені, ал коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығыны 15 мың теңгені (табыстың 10%-тен астамын) құраса, онда азаматтың жергілікті бюджет қаражаты есебінен өтем алуға құқығы бар, — делінген хабарламада.
Үкімет бекіткен түзету болашақ тұрғын үй көмегін алушыларды қамтуды кеңейтуге және аз қамтылған азаматтарға қаржылық жүктемені азайтуға бағытталған.
Жалпы кейінгі төрт жылда 174 мыңнан астам абонентке тұрғын үй көмегі үшін жалпы сомасы 5 миллиард теңге төленді. Ал биылғы алты айда 31 мың отбасына 630,5 миллион теңгеге көмек көрсетілді. Осылайша, коммуналдық қызметтер тарифтері көтерілген жағдайда өтемақы да ұлғаяды, яғни аз қамтылған азаматтардың шығындары ұлғаймайды. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін азаматтарға тұрғылықты жері бойынша әкімдікке жүгіну қажет, — делінген хабарламада.