Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада педагогикалық жоғары оқу орнын ашу туралы ұсынысты қолдап, үкіметке қаражат мәселесін шешуді тапсырды.
Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Мемлекет басшысы Астанада білікті ұстаздардың тапшылығы ерекше сезіліп отырғанын айтып өтті. Жыл сайын 1 000-ға жуық мұғалім жетіспей жатады.
Сондықтан, елордада педагогикалық жоғары оқу орнын ашу туралы ұсынысты қолдаймын. Бұл – дер кезінде көтерілген бастама. Сол арқылы салынып жатқан мектептерге қажетті мамандар даярлауға мүмкіндік туады. Үкімет педагогикалық оқу орнын ашуды және көпбейінді аурухана салуды мұқият пысықтауы қажет. Қаражат мәселесін шешу керек, — деді президент елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте.
Оның айтуынша, елордада баланы мектепке немесе балабақшаға орналастыру әлі де өзекті мәселе болып отыр. Көптеген мектепте оқушылар саны жоспарлы межеден артық.
Шын мәнінде, үш ауысымды оқыту жүйесі сақталып отыр. Бұған жол беруге болмайды. Қалада жаңа білім беру мекемелерінің құрылысына басымдық беру қажет. Сонымен қатар 15 қосымша білім беру нысанын салу керек, — деді президент.
Ол мектептердегі білім беру ісі балалардың әлеуметтік жағдайына қарамастан, инклюзивті әрі барлық бала үшін қолжетімді болуға тиіс екенін айтты.