Басты бетЖаңалықтарҚостанай облысында...

Қостанай облысында шегіртке 16 мың гектар жайылымға тарады

Қостанай облысында 16 мың гектар жайылымдық жерге шегірткелер таралған. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Қостанай облысының Қостанай және Қамысты аудандарында болды. Екі ауданның аумағын зерттеу қорытындысы бойынша, 16 мың гектар жайылымдық жерге жәндіктердің таралғаны тіркелген.

Министр химиялық өңдеу жүргізіліп жатқан егістіктерде болып, жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесті. Қостанай ауданындағы «Луговое» шаруа қожалығының басшысы Василий Куцтың айтуынша, қорғаныс шаралары зиянкестердің ошақтары табылғаннан кейін бірден басталды.

Біз егістіктен шегірткелерді байқадық. Дереу аумақтық инспекцияға хабар берілді. Мамандар бірден келіп, алқаптарды зерттеп, арнайы техниканы іске қосты. Шегіртке үйірінің шамамен 70%-і тоқтатылды. Аудан аумағында сақтандыру жұмыстары үшін дельтаплан орналастырылды, қажет болған жағдайда ол қайтадан іске қосылады. Бұл ретте зиянкестер ауыл шаруашылығы дақылдарына жеткен жоқ, егілген егін жәндіктен зардап шеккен жоқ, — деді Василий Куц.

Министрдің айтуынша, ауыл шаруашылығы дақылдары зақымданбаған.

Шегірткенің таралу қаупі пайда болысымен барлық арнайы техниканы бірден іске қосамыз. Негативті сценарийге жол бермей, жағдайға жедел әрекет етеміз, — деді министр.