Елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының аясында 369 мектеп салу жоспарланып жатыр

Үкіметте қолайлы оқу жағдайлары бар 1,5 миллион оқушы орнын ашу мәселесі қаралды. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штабта айтылды.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, 2020-2022 жылдары 340 мың оқушыға арналған 626 мектеп салынды.

Ал биыл 130 мың балаға арналған тағы 146 мектеп ашу жоспарланып отыр. Оның 62-сі сыбайлас жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен салынбақ.

Сонымен қатар президенттің тапсырмасын орындау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру басталды. оның аясында 2024-2025 жылдары 740 мың оқушыны қамтитын жаңа форматтағы 369 мектеп салыну жоспарланып жатыр.

Премьер-Министр ұлттық жобаны іске асыру аясында мердігерлік ұйымдар мен жер учаскелерін анықтау, қажетті жобалау-сметалық құжаттаманы дайындау жөніндегі жұмысты жеделдету қажеттігін атап өтті.

Жер учаскелерінің дайындығы бойынша құрылыс жұмыстарын дереу аяқтау қажет. Бұл инфрақұрылым, жолдар және абаттандыру жұмыстарын жүргізуге қатысты. Әр өңір бойынша тиісті жол карталары дайын, осы мәселелердің барлығын жедел шешу қажет, — деді Әлихан Смайылов.

Оған қоса Әлихан Смайылов сапалы интернетсіз жайлы мектептер өз атауына сай болмайтынын айтты.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтуынша, алдағы жылдары жақсартылған стандарттар бойынша жаңа формациядағы 49 мың педагог даярлау жоспарланып отыр.

Үкімет басшысы жаңа білім ордалары тек жарақтандыру бойынша ғана емес, білім сапасы бойынша да мықты болуға тиіс екенін айтты.

Жайлы мектептерге қойылатын талаптар мен азаматтардың оларға қатысты үміті көп, сондықтан онда сапалы кадрларды жұмысқа алу мәселесіне барынша назар аудару қажет. Себебі мектеп дегеніміз – жай ғана ғимарат емес, ең бастысы, балаларды білімге жетелейтін мұғалім, — деді Әлихан Смайылов.

Оқу-ағарту министрлігіне ұлттық жобаның іске асырылу барысына күнделікті бақылау жүргізу, проблемалық мәселелерді және оларды шешу жолдарын көрсете отырып, атқарылып жатқан жұмыс туралы Үкіметке ай сайын хабарлап отыру тапсырылды.