Басты бетЖаңалықтарАлматыда қоғамдық...

Алматыда қоғамдық көлікте жүру ақысы өсуі мүмкін

Алматыда жол жүру ақысы өсуі мүмкін. «Ашық» НҚА порталында осындай ұсыныс жазылған әкімдік қаулысы жарияланды.

Қалалық қатынастарда автомобильмен тұрақты тасымалдауға төлем тәсіліне байланысты сараланатын тариф келесі мөлшерде белгіленсін:

Жол ақысын ұялы байланыс операторының көрсетілетін қызметтері арқылы немесе көлік картасы арқылы немесе мобайл қолданба арқылы қолма-қол ақшасыз төлеу кезінде – 100 теңге, қолма-қол ақшамен төлеу кезінде – 200 теңге, — деп жазылған әкімдік қаулы жобасында.

Қазір Алматыда жол жүру құны мобайл қолданбалар мен арнайы карта арқылы төлейтіндер үшін – 80 теңге, ал қолма-қол ақшамен төлейтіндерге – 150 теңге.

Кейінгі 11 жылда тасымалдаушылардың шығындары барлық баптары бойынша құны айтарлықтай өсті. Мысалы, сол кезде дизель отынының құны 90 теңге болса, бүгінде – 295 теңге. Бұрын газдың құны 33 теңге, қазір – 108 теңге мөлшерінде. Бұл тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялау көлеміне тікелей әсер етеді. Мәселен, 2017 жылдан бастап 2022 жылға дейін субсидиялар көлемі 13,8 есе – 6,9 миллиард теңгеден 50 миллиард теңгеге дейін өсті. Биыл субсидиялаудың болжамды көлемі – бекітілген тарифке сәйкес, шамамен 85,5 миллиард теңге. Қоғамдық көліктегі тарифтің қолданыстағы құны сақталған жағдайда субсидиялау мөлшері жылдан-жылға ұлғаятын болады. Ол жергілікті бюджетке үлкен жүктеме түсіреді. Егер жол жүру құны 100 теңге мөлшерінде бекітілсе, онда субсидия көлемі шамамен 10 миллиард теңгеге қысқарады, — делінген қаулы жобасында.

Құжат 21 шілдеге дейін көпшілік талқылауда болады.