Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдық 16,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлады.
Ұлттық банктің мәліметінше, жаһандық инфляциялық қысым бәсеңдеп келеді, бірақ бірқатар елде инфляция әлі де орнықты күйінде қалып отыр. Осыған байланысты дамыған елдердің орталық банктері монетарлық саясатты қатаңдатып жатыр. Қазақстанда инфляцияның жылдық және айлық мәндері де баяулап келеді.
Тәуекелдердің жиынтық балансы, негізінен, сыртқы сектор жағынан қысымның әлсіреуінен дезинфляциялық факторларға қарай аздап ығысқан күйде сақталып жатыр. Бірақ базалық инфляцияның әлсіз баяулауы және инфляциялық күтулердің өсуі байыпты монетарлық саясатты іске асыруды талап етеді. Ұлттық банктің алдыңғы коммуникациялары бойынша, инфляцияның баяулауы болашақта базалық мөлшерлемені біртіндеп төмендетуге жағдай жасай бастады, — делінген хабарламада.
Осыған байланысты болжамды раунд нәтижелері бойынша қабылданатын келесі шешім аясында ұлттық банк базалық мөлшерлемені байыппен төмендетудің орындылығын бағалайды.