Басты бетЖаңалықтарАбай облысында...

Абай облысында тағы өрт шықты

Абай облысы Көкпекті ауданында кешеден бері даладағы өрттің беті қайтпай жатыр. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт 2 шілде күні сағат 11.00 шамасында Көкпекті ауданы Үлгілі Малшы ауылынан 50 шақырым жерде шыққан. Тілсіз жау ашық алаңда қамысты шарпып жатыр.

Оқиға орнына жергілікті атқарушы орган қызметкерлері дереу келіп жетті. Қазіргі уақытта болжам бойынша қызыл жалынның жалпы ауданы 200 гектар болды. Елдімекендерге төніп тұрған қауіп жоқ. Ешкім зардап шекпеді, — делінген хабарламада.

Үлгілі Малшы ауылдық округі әкімдігінің ақпараты бойынша өртпен күреске ТЖД күштері мен құралдарының тартылуы қажет емес.

Еске салайық, 8 маусым күні Абай облысының Семей орманы резерватында ірі өрт тұтанды. Салдарынан 14 орманшы қаза болды.