Алматы облысында облыстық жаңа коммуналдық автобус паркі ашылып, жаңа 25 автобус қолданысқа берілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл алғаш рет Алматы облысының 332 тұрғынына жұмыс беретін коммуналдық автобус паркі құрылды. Автобус паркі Іле ауданы, Өтеген батыр ауылында орналасқан. Мұнда қазірдің өзінде 25 техника жұмыс істейді. Кесте бойынша автобустар сағат 5:40-тан 22:00-ге дейін жүреді, ал қозғалыс аралығы – 20 минут.
Облыс әкімінің орынбасары Алмас Батанов облыс тұрғындарымен кездесуде елдімекендердегі қоғамдық көліктің тапшылығына қатысты арыз-шағымдар түскенін айтты.
Мемлекет басшысы 2022 жылғы 19 қазанда Алматы облысына жұмыс сапарында жолаушылар көлігімен қамтылмаған ауылдық елдімекендерге автобус маршруттарын беретін коммуналдық кәсіпорын құруды тапсырған болатын. Осы бұйрықты жүзеге асыру мақсатында 2023 жылғы 31 қаңтарда «Алматы облысының автобазасы» ЖШС мемлекеттік кәсіпорны құрылды. Осы уақытқа дейін логистика және басқа да ресурстар бойынша жұмыстар жүргізіліп келгендіктен, бұл парк өз жұмысын бастай алмады. 1 шілдеде парк алғашқы маршруттарды іске қосты. Сонымен қатар, біз Алматы қаласымен бірлесе отырып, агломерацияның 50 шақырымдық аймағында жаңа бағыттарды әзірлеп жатырмыз. Сонымен қатар, қазір облыс бойынша 9 бағытта қызмет көрсететін қосымша 130 жаңа автобус сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деді облыс әкімінің орынбасары Алмас Сұлтанұлы.
Автопарк 20-ға жуық ауылдық елдімекенді, бір қаланы – «Gate City» және Іле ауданының екі ірі шағын ауданын біріктіреді.
Сонымен қатар жақын арада автобустардың өзінде QR код немесе банк картасы арқылы төлем жасалатын электронды билет жүйесі орнатылады.