Сенат депутаттары «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңды мақұлдады.
Осы заңда онлайн-жарнама, инфлюенсер және жалған ақпарат ұғымдары енгізіліп отыр. Бұдан бөлек қазақстандық блогерлер салық төлеуге міндеттеледі және жалған ақпарат үшін жаңа айыппұл енгізіледі. Жалған ақпараты көп зиян тигізбесе, 20 АЕК (69 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Ал осы әрекет қайталанса, айыппұлдың көлемі екі есеге артады. Заңды тұлғалар да тиісті тәртіппен жазаға тартылады.
Осы заң аясында қылмыстық және кәсіпкерлік кодекстерге, «Жарнама туралы», «Ақпараттандыру туралы», «Білім туралы» және «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заңдарға өзгерістер енгізіледі. Мәселен, қылмыстық кодекстің әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздырғаны үшін, сонымен қатар көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауаптылықты белгілейтін баптарда «онлайн-платформаларды пайдалана отырып жасалған әрекеттер» де ескеріледі, — делінген хабарламада.
Бүгін сенат осы заңды бірден екі оқылымда мақұлдады. Құжат президенттің қол қоюына жіберілді.