Оралдағы «Парк отель» демалыс кешенінде Бұқаралық ақпарат құралдары күніне орай қала әкімі Миржан Сатқановтың ұйытқы болуымен үлкен шара ұйымдастырылды.
Осымен екінші жыл қатарынан өткен салтанатты рәсімге жергілікті БАҚ өкілдері бір үйдің баласындай ауызбіршілікпен келіп қатысты.
Бүгінгі қоғам өмірінде бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын рөлі зор. Ол бір жағынан ақпарат берсе, екінші жағынан үгіт, насихат құралы. Біз де өзіміздің күнделікті жұмысымызда журналистер қауымымен тұрақты байланыстамыз. Қала бәрімізге ортақ. Сондықтан БАҚ тарапынан көтерілетін мәселелерге, сын-ескертпелерге сергек қарауға міндеттіміз. Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, осындай өзара сыйластық пен сенімге құрылған тығыз қарым-қатынасымыз жалғаса береді деп үміттенемін. Мен сіздермен бірлесіп жұмыс істеуге әрдайым әзірмін, — деді Миржан Мұнайдарұлы.
Шынында да қала әкімінің баспасөзге ашықтығын күнделікті іс барысында көріп жүрміз. Кез келген сұраққа кез келген деңгейдегі басшылар мен мамандар уақтылы жауап беріп отыр. Қажет болса, оқиға орнына рейд ұйымдастыру, брифинг беру секілді тәсілдер де тым жақсы жолға қойылған.
Одан әрі қала әкімі салтанатты рәсімге шақырылған БАҚ өкілдеріне Алғыс хат пен гүл шоғын тапсырды. Марапатталғандар қатарында жергілікті «Ақжайық», «ТДК-42» телеарналары, республикалық телеарналардың облыстағы тілшілер қосындары, «Жайық Пресс» медиахолдингі құрамындағы облыстық қоғамдық-саяси «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттері, республикалық «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінің, «Қазақпарат» агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшілері, қалалық «Жайық үні» және «Пульс города» газеттері, «Орал апталығы», «Надежда» газеттері болды.
Сонымен қатар, салтанатты шарада қалалық спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Армат Исанов, қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, автокөлік жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Азамат Халелов, қалалық мәдениет, спорт және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайырлиев өз салаларына қатысты қалам тербеп жүрген басылымдар мен телеарналардың тілшілеріне Алғыс хаттары мен бағалы сыйлықтарын тарту етті.
Өз кезегінде сөз алған журналистер қауымы шақырып, арнайы дастархан жайып құрмет көрсеткен қала әкіміне алғыс айтып, еңбегіне толағай табыс тілеп, алдағы уақытта да бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.