Алматыда стационарлық емес заңсыз сауда нысандарын бұзу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.
Қаланың келбетіне нұқсан келтіретін, жан-жағы абаттандырылмаған және тротуарлар мен жол учаскелеріне қоқыс тастайтын заңсыз салынған стационарлық емес сауда объектілеріне шара қабылданып жатыр. «Орбита-4» шағынауданындағы Мұстафин мен Біржан көшелерінің қиылысында заңсыз орнатылған үш дүңгіршек сүрілді, — делінген хабарламада.
Алматы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының қызметкерлері дүңгіршіктердің сауда жасауға рұқсат құжаттарының жоқ екенін анықтады.
Заңсыз орнатылған сауда нысандарының иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілді, содан кейін кәсіпкерлер объектілерді өздері сүре бастады. Меншік иелері өздері бұзбаса, заңсыз орнатылған стационарлық емес сауда нысандары мәжбүрлі түрде бұзылады, — делінген хабарламада.
Айта кетейік, Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша биыл алғаш рет «Алматының аумағында және қала маңындағы аймақта стационарлық емес сауда нысандарын орнату ережелері» қабылданды. Онда стационарлық емес сауда нысандарын орнату тәртібі нақты айқындалған.