Жаздың алғашқы айынан Алакөл, Балқаш және Зайсан курортты аймақтарына сұраныс бес есеге жуық өсті.
Бұл туралы мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Атап айтқанда, Үшарал, Балқаш, Зайсан және Үржарға сұраныс өскен. Осы бағыттармен туристер Қазақстанның шығысындағы курортты аймақтар мен жағажай демалыс орындарына жетеді.
Ірі туристік агрегатордың мәліметінше, көрсетілген бағыттар бойынша сұраныс бес есеге жуық өсті. Бұл Үржар және Үшарал әуежайларының ұшу-қону жолақтарын жөндеу аяқталып, жұмыс бұрынғы режимде қайта басталғанымен байланысты болып отыр.
Жазғы маусымда сұраныс өскен бағыттардың ішінде Ақтөбе мен Түркістан ерекше көзге түседі. Биыл туристердің екі қалаға деген қызығушылығы 40%-ке артқан. Ішкі туризмді дамыту шетелдік саяхатшылар санын арттыру сияқты маңызды. Министрлік ішкі туризмді ынталандыруға арналған түрлі бағдарламалар әзірлеп, іске асырып жатыр. Мысалы, Kids go free бағдарламасы ел ішіндегі отбасылық демалысты тиімді жоспарлап, ақша үнемдеуге мүмкіндік береді, — деді мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз хатшысы Мөлдір Әбдуалиева.
Оның айтуынша, туроператорлар арқылы туристік пакеттерді сатып алу арқылы отандастарымыз 30%-ке дейін үнемдей алады.