Go Viral
Фото: Go Viral ұйымдастырушылары
Астанадағы медиа, технология, бизнес және инновация өкілдерінің басын қосқан Go Viral-2023 фестивалі аяқталды. Оған 2000 адам қатысты. Фестивальде шетелдерден және өз елімізден спикерлер сөйледі. Олар не туралы айтты? Шолу ұсынамыз.

Алматыдағы АҚШ Бас консулдығының білім беру, мәдениет және БАҚ жөніндегі кеңесшісі Ананд Кришнаның айтуынша, фестиваль алты жыл бұрын ұйымдастырыла бастады.

Go Viral
Фото: Go Viral ұйымдастырушылары

Фестиваль жас қатысушыларға оқу және нетуоркиң арқылы өз жолын табуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, сіз Go Viral-дан шабыт таба аласыз. Менің алғашқы жұмысым пышақ сату еді. Үй-үйді аралап, адамдарға пышақ сатып алыңыз деп ұсынатынмын, бірақ тауарым өтпеді. Өйткені бұл маған ұнамады, мен бұл өнімге сенбедім, шабытым болмаған. Go Viral-ді жақсы көретін себебім сол, мұнда шабыт аламын, – деді Ананд Кришна.

Фестиваль қатысушыларын Seen-нің негізін қалаған, мобильді журналистика және цифрлық сторителлиң амбассадоры, TEDx спикері Юсуф Омар да шабыттандырды. Ол видеожурналистика арқылы қалай танымал болып, контентті монетизациялауға болатынын айтып берді.

Go Viral
Фото: Go Viral ұйымдастырушылары

2012 жылы Конгода, ал 2014 жылы әскери қақтығыстар болып жатқан Сирияда болдым. Кейін дәстүрлі БАҚ-та жұмыс істедім. Ол жерде екі үлкен проблеманы байқадым: біріншісі – негативке әуестік, екіншісі – әртүрліктің жоқ екені. Мысалы, Қазақстанды танытатын видеороликтер жасауға болады. Шын мәнінде құрал-жабдық емес, роликтің мазмұны мен идеясы маңызды, — деді журналист.

Режиссер, фотограф және подкастер Қанат Бейсекеев деректі фильмді қалай сәтті түсіру керек екенін айтты. Оның айтуынша, түсіретін оқиғаның қызық екеніне адамның өзі сенуі керек. Ол көрерменге де қызық болуы қажет.

Go Viral
Фото: Go Viral ұйымдастырушылары

Түсірілім кезінде кадрлар нашар болған, кейіпкердің уайымын көрсете алмаған және тағы басқа жағдайлар болды. Ондай кезде мені монтаж құтқаратын, — деді режиссер.

Ал Harmony School Astana PR директоры Нұрзат Таңат бизнес саласындағы ең басты нәрселер туралы айтты. Ол ең бастысы нәрсе адам екенін жеткізді.

Оның айтуынша, мысалы, жаңа мектеп ашқанда ғимараттың қаншалық әдемі екенінен, жарнама қаншалық мықты екенінен гөрі ондағы мұғалімдер маңызды.

Мектебіміздегі оқушылардың ата-анасы біз туралы бір-бірінен естіген. Негізі мектеп басшыларының, бизнес иесінің имиджі маңызды рөл ойнайды. Ал жарнамадан көріп келетін ата-аналар аз, — дейді Нұрзат Таңат.

Go Viral
Фото: Go Viral ұйымдастырушылары

Маркетолог, адалдық жөніндегі сарапшы Әсемгүл Тұяқпаева бизнестің маркетиң саласы туралы айтты. Оның айтуынша, адамдар бизнесін жарнамалау үшін таргетолог, мобилограф, SMM-менеджер жалдап, солардың жұмысы маңызды деп ойлайды.

Бұл қате. Дұрысы, сапалы қызмет көрсетуге көңіл бөлу керек, — дейді маркетолог.

Қазпоштаның басқарушы директоры, Technowomen Central Asia тең құрылтайшысы Әсем Нұрғалиева жаңа сапалы байланыстарды қалай орнату керек екенін айтты. Ол біреумен танысар алдында бұл қарым-қатынас бойынша қандай мақсатқа жеткіңіз келетінін ойланып алу керек екенін жеткізді.

Мақсатыңызды нақтылау нақты шаралар мен дұрыс адамдар табуға көмектеседі. Әңгімені бірінші бастаңыз, сұрақ қойыңыз, өз салаңыздағы адамдарға қызығушылық білдіріңіз, — дейді ол.

Стендапшы, Qazaq Stand Up жобасының резиденті Нұрмахан Ахметов қазақша қызметтерде қаржы аз дегендерге жауап берді.

Go Viral
Фото: Go Viral ұйымдастырушылары

Біз, керісінше, қазақша контентті жеткілікті түрде қамтамасыз ете алмаймыз. Аудитория бар, әсіресе Қазақстанның кей өңірінде халық көбіне қазақ тілінде сөйлейді, бірақ контент жоқ. Өз салаңыз бойынша өз стиліңізде контент жасаңыз, сонда жарнама беретіндер табылады, – деді ол.

Стендапердің айтуынша, құлдық санадан арылу керек. Орыс тілінің экспансиясынан зардап шегіп жатқанымызды мойындап, одан әрі дами беру керек.

Біз жауапкершілік алуымыз керек. Қазір TikTok бар, тұтынушыларыңызды сол арқылы таба аласыз. Қазақстан халқы негізінен контентмейкер ретінде де, қолданушы ретінде де TikTok-ты пайдаланады, – деді стендапер.

Go Viral
Фото: Go Viral ұйымдастырушылары

Фестиваль кезінде көрермендер арасында байқау ұйымдастырылды. Байқаудың шарты – іс-шараның екі күніне де қатысып, Instagram-дағы жеке парақшаға креатив, ерекше жазба жариялау. Go Viral туралы Instagram желісінде ең креатив контент жасаған Әйгерім Батырбаева жеңімпаз атанды. Ол жоба серіктестері Education First ұсынған АҚШ-тағы EF тіл мектептерінің бірінде екі апта оқуға сертификат ұтып алды. Ол сертификатты тіл үйренгелі жатқан сіңлісіне беретінін айтты.