Биыл Ұлытау облысында қуаңшылық болуы мүмкін

Биыл Ұлытау облысында қуаңшылық болуы мүмкін. Бұл туралы өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлы орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі брифиңде мәлімдеді.

Жалпы өңірде шөп дайындаушыларға 500 миллион теңге арнайы субсидия бөлініп отыр. Былтыр оның көлемі 250 миллион теңге еді. Биыл өңірде қуаңшылық болуы мүмкін деген болжамдар бар. Осыған байланысты шілдеден бастап фермерлерге 500 миллион теңге жемшөп субсидиясы беріледі, — деді әкім.

Оның айтуынша, өңірдегі егіс алқаптарының жалпы көлемі 31 мың гектар ғана. Оған 62 техника жұмылдырылған. Биыл бірінші рет көктемгі егіс жұмыстарына 50 миллион теңгеден астам несие берілген.

«Ауыл аманаты» жобасы да биыл облыста қолға алынды. 2,5%-тік шағын несиелер негізінде 273 миллион теңгенің жобасы іске асып жатыр. Сонымен қатар үкіметтің қолдауымен қосымша 1,8 миллиард теңгенің жобасы әзірленді. Оларды ауыл шаруашылығы министрлігінің мақұлдауымен «Бәйтерек» холдингі қаржыландырады деп көзделген. «Ауыл аманатын» кеңейтуге жалпы сомасы 3,2 миллиард теңге бөлінеді, — деді Берік Әбдіғалиұлы.