Құрбан айт күндері жағдайы келмейтін адамдарға қарыз алып құрбандық шалу міндет емес.
Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров айтты.
Құрбан шалу үшін қарыз алып құрбан шалу міндет емес. Өйткені құрбан шалу үшін адамның жағдайы болуы керек. Жағдайы бар адам ғана құрбан шалады. Ал енді жағдайы келмейтін адам қарызданып, құрбандық шалу оған міндет емес, — деді Батыржан Мансұров орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифиңде.
Сонымен қатар ол құрбан шалмай, оның ақшасын садақа ретінде беруге болмайтынын айтты. Ал зұлхижжа айының қасиетті күндері қосымша садақа беріле береді.
Айта кетейік, биыл қасиетті Құрбан айттың алғашқы күні 28 маусымға түсіп тұр.
27 маусым – Арапа күні. Арапа күні жасалатын ең ізгі амалдардың бірі – ораза ұстау. Ол – сүннет.