23-24 маусым күндері Астанада алғаш рет Go Viral фестивалі өтті. Бизнес, медиа және мәдениет өкілдері бас қосатын жоба бұған дейін алты мәрте ұйымдастырылды. Биыл Орталық Азиядағы Go Viral қауымдастығы мен Астанадағы АҚШ елшілігі креатив фестивальді елордада өткізуді ұйғарған.

Go Viral – Орталық Азия елдерінің журналистері, кәсіпкерлері, мәдениет пен технология өкілдері тәжірибе алмасатын алаң және жыл сайынғы өңірлік фестиваль.

Биылғы фестиваль Астанадағы Rixos President Astana қонақүйінде өтті. Тақырыбы – «Go Viral 2023: шабыт бер де, өзара әрекеттес бол». Елордада күн райы күрт суытып кеткеніне қарамастан, фестивальге жиналғандардың қарасы қалың. Тіркеуде аймағындағы ұзын-сонар кезек болды. Бәрі мерекеге келгендей көңілді, атмосферасы жеңіл, жылы.

Go Viral
Фото: Go Viral ұйымдастырушылары
Go Viral
Фото: Go Viral ұйымдастырушылары

Биылғы іс-шараға медиа, бизнес, технология, мәдениет, кросс-сектор салаларының 34-ке жуық спикері қатысты. Олардың қатарында 2023 жылы Forbes 30 Under 30 тізіміне енген Butter Payments негізін қалаған Виджей Менон, халықаралық журналист, TEDx спикері, 140 елдің 20 000-нан астам студентін оқытқан Юсуф Оман, мәдениатаралық коммуникация мен цифрлық қоғамды дамыту саласында тәжірибесі бар, DCN Global атқарушы директоры Ашкен Григорян сынды шетелдік спикерлер бар. Қазақстандық спикерлерден Дүниежүзілік банк пен даму институттарын қаржыландыру бағдарламалары аясында 100-ден астам стартап компаниямен жұмыс істеген, технологияларды коммерцияландыру саласында 10 жылдан астам тәжірибесі бар Әбділда Шәменов, Al-энтузиаст, нейрокреатор, MediaWaves digital-агенттігінің негізін қалаған Руслан Сыздықов, Alem.School бас директоры Данабек Қалиаждаров, стендап комедияшы, сценарист, Qazaq stand up және «Интеллигентно қу» жобаларының президенті Нұрмахан Ахметов, публицист, мультипликатор, HeForShe одақтасы Глеб Пономарев және тағы басқасы бар.

Go Viral
Фото: Go Viral ұйымдастырушылары

Орталық залда өнертапқыш жастар өздерінің туындысын таныстырып жатты. Виртуал ойындар, тіл курстары, білім беру саласындағы технологияларға қызыққандар инновация туралы ақпарат алды. Біз де қызығып, олардың нендей нәрсе ұсынып жатқанын сұрап көрдік.

Umai gaming өнертапқыш командасы қазақы нақыштағы «Із» ойынын ойлап тапқан. Команда мүшесі Алина Мурадованың айтуынша, ойынның демо-нұсқасы тегін. Бірақ бір жылдан кейін ақылы етуді көздеп отыр.

Go Viral, Гоу Вайрл
Umai gaming өнертапқыш командасы. Фото: Go Viral ұйымдастырушылары

Бұл – экшн элементтері бар стратегиялық ойын. Компьютерммен ойнауға болады. Бір жылдан кейін қорытынды нұсқаны Steam-ге жүктеуді жоспарлап отырмыз. Ойынның сюжеті IX ғасырдағы қазақ даласында болады. Басты кейіпкері – қаһарман қыз. Оның сіңлісін белгісіз құбыжық ұрлап кетеді. Біз оның кім екенін анықтап, табуымыз керек. Сіңлісін іздеп жүргенде оны да, ойыншыны да түрік мифологиясымен, мәдениетімен таныстырамыз. Қазір біз қауымдастық құрып жатырмыз, — дейді ойын дизайнері Алина Мурадова.

Біз өнертапқыштардың туындыларына қызығып жүргенде ашылу салтанаты да таяп қалды.

Фестивальді IWPR атқарушы директоры Энтони Борден, АҚШ-тың Қазақстандағы елшісінің орынбасары Джуди Куо, Spirit of America бағдарламалық менеджері Алекс Эбсари мен «Шеврон» компаниясының қоғаммен байланыс кеңесшісі Айнұр Сағынбайқызы ашты. Олар фестивальдің маңызына тоқталып, қатысушыларға керемет көңіл-күй тіледі.

Go Viral
Фото: Go Viral ұйымдастырушылары

Ұйымдастырушылар фестиваль ережелерімен таныстырғаннан кейін төрт залда төрт түрлі тақырыпта презентация өтті.

Шабыт залында спикерлер – режиссер, сценарист, продюсер Катерина Суворова мен журналист, белсенді, сценарист Әсем Жәпішева «Сценарий жазудан таспалауға дейін немесе киноны қалай түсіреді?» деген тақырыпта спич өткізді.

Екатерина Суворова Sea Tomorrow (Ертең теңіз) фильмінің қалай пайда болғанына тоқталды.

Екатерина Суворова
Екатерина Суворова. Фото: Go Viral ұйымдастырушылары

Мен «Ине» фильмі түсірілген жерге бардым. Фильмдегі басты кейіпкер Моро (Виктор Цой) өлетін жерге жеттім. Ол – Арал. Құмдағы кемелер трагедияның белгісі екенін білетінмін, сол жерді көргім келді. Ол жаққа жетер жолда жергілікті тұрғындарды көрдім, тілдестім. Олардан түрлі әңгіме мен аңыз естідім. Тұру мүмкін емес деген жерде адамдардың неліктен әлі де тіршілік етіп жатқанын, олардың түсінігі мен құндылықтарын, бұл жерде өмір сүрудің не үшін маңызды екенін ұқтым. Осы оқиғадан қатты әсерленіп кино түсіруге бел будым, — дейді ол.

Режиссер «Қызболсын» фильмі туралы да айтып берді.

Тұрмысқа шыққаннан кейін қазақ отбасының мүшесі болдым. Алғаш Ұлболсын есімін естігенде қатты таңғалдым. Демек, ата-ана ашық түрде біз сені қалаған жоқпыз, ұл қаладық деп айтып тұр. Бұл фильм осы есімді арқалаған әйелдердің мұңын, үнін жеткізеді, — деп түсіндірді ол фильм туралы.

Әсем Жәпішева фильмді түсіру кезінде не маңызды екеніне тоқталды. Оның айтуынша, ұлт мұңын, адамзат мұңын бір адамның тағдыры арқылы жеткізу әсерлірек болады.

Go Viral
Әсем Жәпішева. Фото: Go Viral ұйымдастырушылары

100 мың адам қайтыс болыпты десе, «қап» дейміз де қоя саламыз, оны жүрекпен сезінбейміз. Ал сен бір адамды танысаң, ол адамның тағдырын білсең, саған сол жақын болады. демек, фемицид болса да, күш көрсету, табиғатты қорлау туралы айтқанда да бәрін бір адамның тағдыры арқылы – ол оқиға адамның өміріне қаншалық әсер ететінін, кедергі болатынын көрсетуіміз керек, — деді сценарист.

Ол қазақ қоғамында резонанс тудырған «Бақыт» фильміне айтылған пікірлерге де тоқталды.

Патриархал қоғам өкілдері «сендер осындай кинолармен әйелдерді бұзасыңдар, мынау күйеуіне сөз қайтаратын, темекі шегетін қандай әйел, мынаның сценариін кім жазған» деген пікірлер көп келеді. Себебі айнаға қарау өте қиын, — дейді Әсем Жәпешва.

Төрт залдағы төрт түрлі шеберлік сағатынан шыққан қатысушылар алған ақпаратын ортаға салып, әсерін бөлісіп, нетуоркиң ұйымдастырды. Үлкен залда Dj Mark Redlights келушілерді сергітуге тырысып, көңілді музыка қосты, кофе-брейк ұйымдастырылды.

Go Viral
Фото: Go Viral ұйымдастырушылары

Үзілістен кейін екінші шеберлік сағаты басталды. Тағы да төрт бөлмеде төрт спикер білгендерін бөлісті. Әркім таңдауына қарай төрт түсті есіктің біреуіне кірді. Бұл жолы біз журналист, кәсіпкер Динара Сәтжанның «Цифрландыру дәуіріндегі жеке бренд: сенің суперкүшің неде?» деген шеберлік сағатына қатыстық.

Динара Сәтжан
Динара Сәтжан. Фото: Go Viral ұйымдастырушылары

Динара Сәтжан кәсіп бастарда өзің білмейтін тақырыпқа бас сұқпай, бірінші өзіңе инвестиция құю керек дейді.

Мен өзімді түрлі аудиторияға таныстыру үшін бәрін істедім. «Екі жұлдызды», «Қазақ аруын» жүргіздім, түрлі сала өкілдеріне шеберлік сағатын өткіздім. Сіздердің алдыңызға келіп отырған себебім де – осы. Жас, креатив ортаға өзімді таныстырғым келеді. Сол арқылы мені білетін адамдардың ауқымы кеңейеді, — деді ол сөз басында.

Оның айтуынша, жетістікке жету үшін адамның жаныңда сенімді біреу болғаны абзал.

«Жалғыздың үні шықпас» дейміз ғой. Бір адамның ойы, идеясы, әрине, жақсы. Бірақ жетістікке жету үшін жаныңда сенімді, сені толықтыратын жандар болуы керек. Стив Джобс пен Стив Вознякты мысалға алайық. Екеуінің де идеясы болды, оны жүзеге асыру үшін бір-біріне көмек ауадай қажет еді. Возняк Apple компьютерлерін жасады, ал оны Джобс сатты. Осылайша, екі Стив міндетті бөліп алды. Талантты инженер мен сатудың қыр-сырын білетін адам бірігіп миллиардер атанды, олардың аты тарихта қалды, яғни жетістікке жетем десеңіз сізге күшею керек, — деді кәсіпкер.

Go Viral
Фото: Go Viral ұйымдастырушылары

Динара Сәтжан Baribar тілшісінің «Ал сіздің суперкүшіңіз қайсы?» деген сауалына былай жауап берді.

Мен дамуды тоқтатпаймын. Өзіме таныс емес есіктерді ашуға ұмтыламын, ерінбеймін. Зейнетке шыққанда демаламын деп ойлаймын. Қартайғанда демалғаннан басқаға шамаң да келмейді. Қазір бойда күш, драйв барда өмір сүріп, ізденіп қалуға тырысамын. Маған үнемі қозғалыста жүретін өмір салты ұнайды.

Шеберлік сағаты соңында «Ал сен өзіңді дамыту үшін не істеп жүрсің?» деген сұрақ қойып, қатысушыларды ой салды.

Іс-шараға Астана тұрғындарынмен қатар, шетелден де қонақтар қатысты. Мәселен, Манижа Бабакулова бұл жиынға Тәжікстаннан келген. Ол — өз еліндегі Go Viral жобасының амбассадоры.

Астанадағы іс-шара Орталық Азия елдерінде өткен фестивальдердің ішінде ең ауқымдыларының бірі болмақ. Келесі фестиваль Түрікменстанның Ашхабад қаласында өтеді. Содан кейінгісі 2024 жылы жалғасады. Фестивальмен қоса, біз бірқатар іс-шараны да ұйымдастырамыз деп жоспарлап отырмыз. Кез келген адам біз ұйымдастыратын трениңдер, go night, формалды емес кездесулерге қатыса алады, — деді ол.

Манижа Бабакулова бұл жобаға қалай келгенін айтып берді.

Мен нетуоркиң, қауымдастыққа қатыстының бәрін жақсы көремін, жаныма жақын. 2020 жылы осы жоба мені event-менеджер ретінде шақырды, кейінірек жоба амбассадоры болдым. Мұнда өзімді еркін сезінемін. Жастардың дамуына үлес қосып жатқаныма, өзіме таныс емес тақырыптарды қозғап, ақпарат алып жатқаныма қуанамын, — дейді Тәжікстаннан келген қонақ.

Екінші күніне АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюм қатысты. Ол іс-шараға таңданысын жасырмады. Қаншама талант, идея мен тілдесу мүмкіндігін жинаған ғажап іс-шара екенін айтты. Осы фестивальде орнатқан байланысты үзіп алмау керегіне де тоқталды.

Дэниел Розенблюм
Дэниел Розенблюм. Фото: Go Viral ұйымдастырушылары

Маған «Қосылғанның қолы ұзын, қос керуеннiң жoлы ұзын» деген қазақ мақалы ұнайды. Сіздерді осы жерде басталған ортақ жұмысты жалғастырып, қарым-қатынасты дамытуға, серіктес болу үшін жаңа мүмкіндіктерді зерттеуге шақырамын, — деді Дэниел Розенблюм жабылу салтанатында.

Go Viral
Фото: Go Viral ұйымдастырушылары

Айтпақшы, фестиваль кезінде көрермендер арасында байқау ұйымдастырылды. Байқаудың шарты – іс-шараның екі күніне де қатысып, Instagram-дағы жеке парақшаға креатив, ерекше жазба жариялау. Жеңімпаз Go Viral мерчін иеленіп, жоба серіктестері Education First ұсынған АҚШ-тағы EF тіл мектептерінің біріне екі аптаға сертификат ұтып алды. Оған қоса тағы бес адамға Америкадағы EF мектептерінің кез келгенінде оқу үшін 500$ жеңілдік берілді.

Осылай, Астанада алғаш рет ұйымдастырылған Go Viral фестивалі эстафетасы Түрікменстан астанасы Ашхабадқа табыстады.

Go Viral
Фото: Go Viral ұйымдастырушылары

Айта кетейік, фестивальді Орталық Азия елдеріндегі АҚШ дипломатиялық миссиясының қолдауымен АҚШ мемлекеттік департаменті қаржыландырады. 2021 жылғы қазан айынан бастап жобаны Орталық Азиядағы Соғыс пен бейбітшілікті жариялау институты (IWPR) жүзеге асырып келеді.

Балнұр Қожагелді