Басты бетЖаңалықтарҚазақстандықтардың орташа...

Қазақстандықтардың орташа зейнетақысы 120 мың теңгеден асты

Жыл басынан бері республикалық зейнетақы төлеуге бюджеттен 1 триллион 374,1 миллиардд теңге бөлінді. Оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 421,9 миллиард теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 952,2 миллиард теңге бөлінген. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

2023 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны – 2 млн 299 мың адам.

2023 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері  — 120 743 теңге, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 82 881 теңге, базалық зейнетақы – 37 862 теңге.

2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалады.

Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сонымен қатар міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.

Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сонымен қатар мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60%-не тең болса, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2 %-ке артады.