Басты бетЖаңалықтарҮкімет депутаттардың...

Үкімет депутаттардың жұмыртқаға субсидияны қайтару туралы ұсынысын қабылдамады

Премьер-министр Әлихан Смайылов мәжіліс депутаттарының сауалына жолдаған жауабында құс жұмыртқасына төленетін субсидияны қайтару мүмкін емес екенін мәлімдеді.

Бұрын қолданыста болған норматив бойынша тағамдық жұмыртқа өндірісін субсидиялауды қалпына келтіру мәселесі агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру аясында пысықталды. Республикалық бюджет мүмкіндіктерінің шектеулі болуына байланысты қазіргі таңда тағамдық жұмыртқаны субсидиялауды қайта бастау мүмкін емес, — деп жазылған жауапта.

Үкімет басшысы қазір асыл тұқымды құстан алынған, бір тәулік болған бір жұмыртқаға 60 теңге субсидия төленетінін еске салады.

Сонымен қатар жұмыртқа саласын дамыту үшін инвестициялық салымдар кезінде екі бағыт бойынша субсидиялау көзделген:

  • құс шаруашылығында бірінші және екінші кезектегі асыл тұқымды репродукторды құру және кеңейту;
  • өндірістік қуаты 50 миллион жұмыртқадан асатын жұмыртқа құс фабрикаларын кеңейту.

Бұдан басқа, қуаты тәулігіне 50 тонна құс қиын қайта өңдеуге арналған техника мен жабдықтарды сатып алуға жұмсалған шығындарды өтеу көзделген. Аталған бағыттар бойынша инвестициялық салымдарды өтеу үлесі 25%. Жалпы жұмыртқа шаруашылығының дамуы үкіметтің тұрақты бақылауында, — деді Әлихан Смайылов.