Басты бетЖаңалықтарАлматы облысында...

Алматы облысында МӘМС жүйесіне қатысты баспасөз мәслихаты өтті

Алматы облыстық өңірлік коммуникация қызметінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысты баспасөз мәслихаты өтті.

Онда «Медициналық әлеуметтік сақтандыру қорының» Алматы облысы бойынша директоры Сәбит Пазылов баяндама жасап, осы күнге дейінгі атқарылған жұмыстармен жан-жақты таныстырды.

Елімізде МӘМС жүйесі 2020 жылдан бастап іске қосылғаны мәлім. Осы кезеңдер ішінде сақтандырылған азаматтар саны артқан. Мәселен, биыл 1 маусымға дейін Алматы облысында 1 221 816 адам тіркелген. Бұл – өңір халқы санының 79,4 пайызы. Соның арқасында қор қоржынына 6,4 млрд теңге қаражат түскен.

Сәбит Пазылов журналистерге ең алдымен МӘМС жарналарын төлеудегі өзгерістермен таныстырды. Жұмыс берушілер енді жұмыскерлер үшін жалақы мөлшерінің 3 пайызын сақтандыруға аударады. Жалдамалы жұмыскерлер мен МЖӘ (мемлекеттік жекеменшік әріптестік) шарты бойынша жұмыскерлер өз табысының 2 пайызын, салық салу салу обьектісі 10 ЕТЖ (ең төменгі жалақы) аспайтындықтан, мүмкін болатын ең жоғары жарна 14000 теңгені құрайды.

Жеке кәсіпкерлер 1,4 еселенген ЕТЖ-дан 5 пайыз, яғни 4900 теңге аударады. Ал өзін өзі қамтыған азаматтар: республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың тұрғындары үшін БЖТ (бірыңғай жиынтық төлем) мөлшері 1 АЕК, яғни 3450 теңгені құрайды, – деді спикер.

Баспасөз мәслихатында МӘМС жүйесінің тиімділігі туралы да кеңінен сөз болды. Қазіргі таңда науқастар күрделі оталар мен жоғары дәлдіктегі диагностика жасату үшін 3-4 ай сарылып күтпейді. Бір айдың ішінде кезекке қолдары жетеді. Сонымен қатар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі күрделі оталарды аудандық ауруханада жасауға мүмкіндік туғызып отыр.

Бұрын күрделі ота мен қажетті медициналық көмекті алу үшін науқастар Алматыға, тіпті шетелге баруға мәжбүр еді. Ал қазір жаңа жүйе – МӘМС аудандық ауруханалардың бюджетін ұлғайтуға ықпал етті. Соның арқасында нейрохирургия, кардиохирургия және трансплантология сынды күрделі оталар аудандарда қолжетімді болды, – деді Сәбит Пазылов.

Спикердің сөзінше, мұндай игі қадамдар Еңбекшіқазақ пен Қарасай аудандарында көрініс тапқан. Мәселен, Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасында жамбас сүйектерін қалпына келтіру бойынша науқасқа ота жасалған. Ал Қаскелең қаласындағы аудандық аурухана базасында алғаш рет артроскопиялық менискэктомия отасы сәтті өткен.
Сондай-ақ баспасөз мәслихатында науқастардың өтініш-тілектеріне дер кезінде құлақ асып, кері байланыс орнату аталған қордың міндеті екені айтылды. Өткен жылы 47 308 мың өтініш келіп түскен. Оның ішінде медициналық ұйымдарға түскен шағымдардың жалпы саны 1559-ға жеткен.

Шағымдарды талдау нәтижесінде медициналық мекемелерде мамандар тапшылығы сезілді. УДЗ, КТ, МРТ қызметтерінде проблемалдардың бар екені анықталды, – деді Сәбит Пазылов.

Қорыта келгенде, медициналық әлеуметтік сақтандыру қоры МӘМС-ке тіркелген азаматтардың мүдделерін қорғап, медициналық мекемелердің сапалы қызмет көрсетуіне ықпал ететін болады.