Басты бетЖаңалықтарМарат Сұлтанғазиев:...

Марат Сұлтанғазиев: Биыл бақылау басқармасын құрып, білімді қадағалауды бастадық

Тура бір жыл бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен Қапшағай Алматы облысының әкімшілік орталығы мәртебесіне ие болды. Қала Конаев болып өзгертілді. Осы уақыт ішінде шенеуніктер облыстың келбетін түбегейлі өзгертіп, жол салып, шетелдік инвесторларды тарта білді.

Zakon.kz сайты осыған орай аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиевпен кездесіп, сұхбат алды. Облыс басшысы сұхбатында өңірдің қысқа мерзімде қандай жетістіктерге қол жеткізгенін, сондай-ақ қандай инвестициялық жобалардың жүзеге асырыла бастағанын айтып берді. Алматы облысы мен облыс орталығы Қонаев қаласы таяу жылдары қалай дамитыны жайында да баяндап берді.

– Марат Елеусізұлы, тұрғындар өңірдегі ауыз су мәселесіне жиі шағымданып жатады. Әкімдік мәселені шешу үшін қандай шараларды қолға алып жатыр? Қанша елдімекенге таза су берілді, әлі қаншасы жете алмай отыр?

– Бізде 384 елдімекен бар. Екі-ақ ауылда ауыз су жоқ. Оған биылдан бастап жобалық сметалық құжаттарды дайындап жатырмыз, су береміз, бірақ мәселе басқада. Бізде 674 саяжай бар. Ол саяжайларға үкімет су жүргізуге міндетті емес. Әрине, ол жақта адамдар өз күшімен су өткізген, басқа мердігер, инвестор тапқан. Олардың суы күнделікті бола бермейді. Жаз кезінде судың қысымы немесе құбырдың қимасы кішкентай болғандықтан тапшылық байқалады. Сондай мәселелер туады.

Судың жетіспеуінің тағы бір себебі – құрылыс жүргізу. Өйткені Алматының төңірегіне адамдар көп көшіп келеді, сұраныс көп, көпқабатты үйлер салынады. Егер көпқабатты үйлердің ішінде сорғы болса, әрине, судың бәрі соларға жұмсалады. Ал ауылда тұратын азаматтар сол күндері сусыз қалады. Бұл мәселе, әсіресе, жазда ушыға түседі.

Былай қарасаңыз, су тапшылығы екі-ақ ауылда болғанымен, бірақ жалпы жоғарыда айтқан 674 саяжайды да, кейін Алматының төңірегінде салынып жатқан көпқабатты үйлерді де проблема деп айтуға да болады.

Екінші жағынан, бұрыннан істеп келе жатқан құбырлардың 52%-ы тозған. Оларды да жөндеуіміз керек. Әрине, құбырларды дұрыстамай, су мәселесі шешілмейді. Сол себепті ол жағынан да біраз жұмыстарды істедік. Биыл 360 миллион теңгені сметалық құжаттарды дайындауға жұмсадық, кейіннен 26 жоба бойынша былтыр жұмыстарды бастадық. 23 жоба бойынша биыл жұмысты бітіреміз.

Бүгінде Алматының төңірегінде үйге сұраныс көп. Әрі қарай да осылай құрылыс ешбір есепсіз жүргізілсе, әрине, су тапшылығы бола береді. Сол себепті біз алдымен су, газ, жарық мәселесін шешкеннен соң ғана құрылысқа рұқсат беруге көштік. Бүгінде кешенді құрылыс жүргізуге ғана рұқсат беретін болдық. Егер бәрі сатып алған жеріне үй сала берсе, тапшылық жойылмайды.

– Ауыл тұрғындары ауыз су мәселесіне көндіксе, диқандар әр жылы құзырлы органдардан апатты жағдайда тұрған суару жүйесін реттеуді сұрап жатыр, облыста қанша шақырым суару жүйесі жарамай тұр? Қай аудандарда күрделі жөндеуді қажет етеді? Ал диқандар не істеуі керек, биліктің егінді сақтап қалу үшін қандай жоспары бар?

– Алматы облысы ауыл шаруашылығына бейімделген, халықтың 84%-ы ауылда тұрады. Су құбырларын, суару жүйелерін жөндеу бізге үлкен мәселе болып тұр. Суару жүйелерінің тозғаны себепті судың бекер кетуі де көп.

БАК-тан су төменгі ауылдарға жеткенше 60%-ы құмға сіңіп кетеді. Өйткені бұрынғы лотоктарды алмаған, арық жүйесі қалмаған. Соны өз қолымызға алдық. Облыстық су шаруашылығы коммуналдық мекемесін құрдық, жұмысты рет-ретімен бастап жатырмыз.

Биыл Жамбыл, Іле, Талғар аудандарында бастаймыз. Бұған 3 миллиард теңге бөлінген. Егер мұны толық жүзеге асырсақ, біз 21 мың гектар пайдаланылмаған жерді қайтадан айналымға қосамыз. Егер су жүйесін толық дұрыстап алсақ, 54 мың гектар жерді қосуға мүмкіндігіміз бар.

– 2022 жылы өңірдегі Антикор білім беру, жер қатынастары, денсаулық сақтау саласында сыбайлас жемқорлық жиі болатынын хабарлады. Биыл да облыстағы шенеуніктер парамен ұсталып жатыр. Бұл ретте Қарасай ауданында сыбайлас жемқорлық деректер көптеп кездеседі. Қазіргі жағдай қалай?

– Құқық бұзудың бәрі қаржылық тәртіптен басталады ғой. Егер тәртіп болмаса, жемқорлыққа, парақорлыққа жол ашылады. Сол себепті биылдан бастап аппараттың ішінде бақылау басқармасын құрып, білім және басқа ведомстволарды қадағалауды бастадық. Бұрын болмаған, жұмыс жүргізілмеген. Өткенде Жетісу облысындағы білім басқармасында үлкен резонанс тудырған іс болды. Сол күні Антикормен бірлесіп, жұмысты бастадық. Қазір осы салада толық тексеріс жүргізіп жатырмыз.

Жер мәселесі бойынша, көбіне кездесетін заң бұзушылық – сегментация жасау. 10 гектарды 100 адамға бөліп беріп, 10 сотықтан сатып жібереді. Әрі қарай адамдар саяжай салады. Ал судың, газдың бәрі біздің мойнымызда қалады. Бүгінде мұны тоқтаттық. Қазір жерді сегментациялауды қойдық. Егер бұл ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер болса, солай қалуы керек. Оған үй салуға болмайды, оны шектедік. Егер үй салатындай қажеттілік болып жатса, оны толық Бас жоспарға енгізіп, су, газ мәселесін есептеп қана әрі қарай рұқсат беретін болдық. Кешенді құрылыс деген – осы.

– Келесі сұрақ облыс әкімдігінің ғимаратына қатысты. Неліктен казино ғимаратын сатып алу туралы шешім қабылдадыңыздар? Өте қымбатқа шыққан жоқ па?

– Қонаев қаласы бұрын облыс орталығы болмаған. Сол үшін бұл жерде инфраструктура облыс деңгейіндегі департаменттерге, әкімдікке жасалмаған. Ал мұны бір күнде салу мүмкін емес. Әрине, алғаш келгенде қалалық әкімдікке көштік. Қалалық әкімдік үш жаққа бөлінді. Бұл тек қалалық әкімдік, басқа мемлекеттік органдар әлі күнге дейін жалға алып отыр. Кейбірі Қонаев қаласына сыймай, жартысы Іле, жартысы Талғар ауданында отыр. Осында тек басшылары қалып, ал ұжым орын тапқан жерде отыр. Жұмысқа өте қатты әсер етеді. Бүгінде білім басқармасы мектепте, спорт басқармасы спорт мектебінде, ауыл шаруашылығы басқармасы элеваторда, тіл басқармасы кітапханада жұмыс істеп жатыр. Өйткені отыратын жер жоқ. Сондықтан біз ғимарат іздей бастадық, осыны іздеп таптық.

6 жыл босап тұрған ғимарат екен. Біз алғанда казино емес, әкімшілік ғимарат болып тұрды. Банкпен сөйлесіп, келістік. 3 миллиард 200 миллион теңгеге сатып алдық. Ауданы – 11 мың шаршы метр. Әр шаршы метрі осы жөндеуімен, осы люстралармен 270 мың теңге болды. Мұндай ақшаға қазір жөндеусіз үй сатып алу мүмкін емес.

Жаңа ғимаратты мұндай ақшаға сала алмаймыз, 3 есе қымбатқа түседі. Бұл Үкіметтің активі болып қалады, басқа жаққа көшсек те, басқа мемлекеттік органдарға пайдалануға беруге болады. Жалпы тиімді шешім деп есептейміз. Қазір инвесторлармен, шетелдіктермен көп кездесеміз. Біз үлкен-үлкен жобалар туралы айтамыз да, ал өзіміз қаланың әкімдігінде қысылып отырғанымыз дұрыс болмайды деп ойлаймыз. Басқасын салып жатсақ та, бұл да мемлекеттік мүлік болып қалады, сатылып жатса, одан да жоғары сомаға өтеді деп ойлаймыз.

– Жасыратыны жоқ, облыс және Қонаев тұрғындарының көбі Алматыда жұмыс істейді, өйткені облыстың өзінде жұмыссыздық мәселесі бар. Бұл проблема көптен бері айтылып келеді. Мұны шешу үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Алматының төңірегінде біздің төрт ауданымыз бар. 400 мың адам күн сайын таңертең Алматыға барады, кешке қайтады. Сол жақта жұмыс істейді. Бір жағынан бұл жақсы. Өйткені Алматыда табыс тауып, отбасын бағып жатыр. Бірақ өздері кеткенімен, олардың үй-жайы біздің мойнымызда қалады. Өте орынды сұрақ.

Біздің мақсатымыздың бірі – адамдарға өзі тұратын жерде жұмыс орнын тауып беру. Алматының төңірегінде индустриалды аймақ жасап жатырмыз. Оларды ауылдарға қайтару үшін біраз жобаларды қолға алып жатырмыз. Ауыл шаруашылығы саласында, арзандатылған жанар-жағармай материалдары, тыңайтқыштар, субсидиялар бар. Сол мәселерді қолға алып, нақты шаруашылықтарға субсидияларды жеткізсек, ауылдан шыққан азаматтар қайтады деп үміттенеміз. Қонаев қаласында, Қарасай, Іле, Талғар, Еңбекшіқазақ аудандарында өндіріс орындарын құрсақ, адамдарды қалдыруға мүмкіндік береді деп ойлаймыз.

– Балқашты туристік хаб ретінде дамыту бойынша қандай жоспарларыңыз бар?

– Жолсыз туризмді дамыту туралы айту әзірше қиын. Өйткені Көлсайға жол салынып еді – туризм де дамып жатыр. Ол жақта бірнеше ауыл малды қойып, туризм саласына маманданды. Шарында да солай. Жол салынған соң туристердің саны бірнеше есе өсті.

Балқаштағы жағдай да жолмен байланысты болады. Балқаш көбіне шомылуға емес, балық аулауға арналған. Облыс бөлінген соң Балқаштың қай жерінде саяжайларды салуға болатынын біраз зерттеуіміз керек. Бүгінде салынып жатқан бірнешеуі бар, бірақ көбінесе балықшыларға арналған. Ал жалпы шомылатын болса, Қапшағай бар, туризмге бейімделген жерлеріміз бар.

– Қонаев жағажайлары туристерге қаншалықты дайын? Ал шенеуніктер мен санитарлық-эпидемиологиялық қызметтегілер шыбын-шіркей, маса мәселесін шеше алды ма? Бұл туристерді қашырып жібермей ме?

– Биыл маса проблемасына былтырға қарағанда бюджеттен 3 есе көп ақша жұмсадық. Сонымен бүгінде жағдай дұрыс, жаздай жақсы болады деген ойдамыз.

Ал шомылу маусымы әлі ашылған жоқ, қауіпсіздік нормасына сәйкес, белгілер орнатылған соң маусым ашылады. Қазір жергілікті тұрғындар арасында шомылып жүргендер бар, төтенше жағдайлар инспекторлары жұмыс істеп жатыр, кеше рейд өткізген, бүгін-ертең тағы да өткізеді. Қазір шомылуға болмайды, қауіпсіздік жағынан әлі жағажай дайын емес.

Жағажайларды кезең-кезеңімен, рет-ретімен жөндеуді бастадық. 5 шақырым жағажайды биыл жөндеуді жоспарлап отырмыз. Өзінің стандарттары бар, бұл бір жағынан демалатын, серуендейтін, велосипед тебетін, тамақтанатын орындары, дүкендері, оған қоса, футбол ойнайтын алаң болады деп жоспарлап отырмыз. Қазіргі заманға сай жағажайдың біреуі болады. Бұл – қалалық жағажай, адамдарға тегін. Демалыс кешеніне ешқандай қатысы жоқ. Келесі жылы жағажайлардың аумағын 7,5 шақырымға жеткіземіз деп мақсат қойып отырамыз.

Zakon.kz