Алматы облысында Қапшағай көлінің жағасында орналасқан «Балдәурен» оқу-сауықтыру кешенінде ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған «All Ability Camp» спорт лагері алғаш рет өз жұмысын бастады.
Салтанатты түрде ашылған жазғы лагердің бір маусымы 5 күнге созылады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, әр маусымда 50 бала мен 50 ата-ана және арнайы келген 50 ерікті қамтылады. Жазғы лагерь 4 маусым жұмыс істейді деп жоспарланып отыр.
Ерекше күтімді қажет ететін жалпы саны 200 баланың сауықтыру демалысын ұйымдастыруға «Самұрық-Қазына» қоры 53 миллион теңге қаражат бөлген. Балалардың және олардың ата-аналарының жол шығындары, жатын орны мен 5 мезгіл тамағы қарастырылған. Оған қоса спорт жаттықтырушылары мен арт-терапия мамандары да тартылған. Әрі ата-аналармен жеке жұмыс істейтін психолог мамандар да бар.
Мұнда «ДЦП life» қоғамдық қорында оңалту шараларынан өтіп жүрген балалар мен «Самұрық-Қазына» қорына кіретін «Самұрық-Энерго», «ҚазМұнайГаз», «Қазпошта», «Қазақтелеком» сынды бірқатар мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлердің ерекше қажеттіліктері бар балалары арнайы шақыртумен келген. Лагерьдің ерекшелігі сол, жоғарыда айтып өткеніміздей демалыс тек балаларға ғана емес, ата-аналарға да арналған. Тіпті, лагерьге келу үшін жұмыстан босатылған ата-анаға «қызметтік іссапар үшін» деп қосымша қаржы да төленген көрінеді.