Еңбекшіқазақ ауданы, Тескенсу ауылында 40 жастан асқан ер азаматтар арасында футболдан жарыс өтті. Оған Райымбек, Ұйғыр және Панфилов аудандарынан келген 8 команда қатысты.
Аталған жарыс елімізде тұңғыш рет өткен Әкелер күніне арналды. Қатысушылар жас ұрпаққа салауатты өмір салтын насихаттады. Спорт денсаулық кепілі екенін балаларына қимыл-қозғалыстары арқылы білдірді. Жас жеткіншектер үлкендердің доп тепкенін қызыға тамашалады. Мереке бәріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Жарыс қорытындысы бойынша Панфилов ауданының командасы топ жарды. Екінші орын шонжылықтарға бұйырды. Ал Еңбекшіқазақ ауданының «Ташкенсаз» командасы үшінші орынды иеленді.
Естеріңізсе сала кетейік, биылдан бастап маусымның үшіншісі жексенбісі Үкімет қаулысымен Әкелер күні болып бекітілді.