Қарасай ауданында үш ауысымды мектептер мәселесін шешу үшін 20 мың оқушыға арналған 10 мектеп салынады. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникация орталығында өткен брифиңде Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов айтты.
Брифиңде баяндама жасаған әкім қазіргі таңда үш ауысымды мектептер аудандағы білім саласында ең өзекті мәселелердің бірі екенін, бүгінде оқушылар үш ауысымда оқитын мектептер саны 12-ден 11-ге азайғанын айтты.
Бұл мәселені шешу мақсатында ауданда бес жаңа мектеп және үш мектепке жапсаржай құрылысы жүргізілуде, биыл ақпан айының басында Алмалыбақ орта мектеп-гимназиясының 600 орындық жапсаржайы салтанатты түрде қолданысқа беріліп, мектептегі орын тапшылығы мәспелесі шешімін тапты. Қалған мектептердің құрылысы жылдың соңына дейін аяқталып, пайдалануға беріледі, – деді аудан әкімі.
«Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында осы жылдан бастап аудан бойынша 7 мектептің құрылысы басталады деп жоспарланған, қазіргі таңда құрылысқа қажетті жер телімдері рәсімделді, құрылыс жұмыстарына 12,8 млрд. теңге бөлінді. Атап айтқанда, Қаскелең қаласында, Алмалыбақ және Көкөзек ауылдарында 1500 орындық үш мектеп, Қошмамбет, Бұлақты, Долан және Елтай ауылдарында 1200 орындық мектептер салынбақ. 2025 жылы Кемертоған, Қырғауылды және Жандосов ауылдарында 1500 орындық мектептер салынады.
Жасұлан Естеновтің айтуынша, аталған жобалар іске асырылса, ауданда үш ауысымда оқитын мектеп болмайды.