Журналист Бағдат Асылбек «Бюджет пен салық – халықтың ақшасы, сол себепті көпшілік бұл екеуі қалай жұмсалатынынан хабардар болып, қадағалауы керек» деп есептейді. Оның айтуына қарағанда, бюджет қаржысын тексеру де – ақпаратты сауатты тұтынудың бір амалы. Ол өзінің Ras aitamyn жобасында дәл осы тақырыптарға материалдар жазады. Бүгін автормен бюджет пен салық, шенеуніктердің үгіт-насихаты мен пиары туралы әңгімелестік. 

Идея қайдан келді?

Ras aitamyn жобасында тек бюджет пен салық туралы емес, аудиторияға қызық, маңызды деп тапқан тақырыптарды жазамыз. Тәуелсіз журналист болған соң көпшілік мән бере бермейтін нюанстарға қоғамның назарын аудартып, оларды топтастырып жазып отыратын алаң керек болды. Сол себепті осы жобаны қолға алдық. Идеяның өзі 2020 жылы келді. Әріптесім Елнұр Әлімова екеуіміз мұны қайда жазуға болатынын біраз ойландық. Әуеліде «сайт ашамыз» деп ойладық. Алайда бұл уақытта адамдар ақпаратты көбіне әлеуметтік желіден тұтына бастаған кез еді. Осыны ескеріп, Telegram-дағы каналымызды, кейін Instagram-дағы парақшамызды аштық.  

Мемлекеттік сатып алулар туралы сайтты ақтарып, офшорлық реестрлерді қадағаладық. Мысалы, мемлекет Іле Алатауы ұлттық саябағын жеке кәсіпкерге бергенде, оның офшорда бар екенін анықтадық. Біздің мақсатымыз зерттеу жасап, билік пен олигархтар қоғамнан жасыруға тырысатын ақпаратты көрсету, айту болды.

2020 жылы пандемия басталған тұста елімізде әділетсіздік элементтері бар нәрселерді көрсеттік. Волонтерлар шын ниетімен, өз күшімен халыққа көмектесуге тырысты, бірақ мемлекет оларға тыйым салды. Ал мемлекеттен тендер алатын волонтерларға көп ақша төленді, оларға барлық жерде «жасыл түс» жанды.  

«Пандемия кезіндегі пропаганда» жобасы туралы

Шенеуніктердің үгіт-насихаты мен пиарына мемлекеттік бюджеттен қанша қаржы жұмсалатыны туралы 2021 жылғы наурыздан қыркүйекке дейін жаздық. «Пандемия кезіндегі пропаганда» деген жоба аясында әр өңірдегі әкімдік мемлекеттік бюджет есебінен «пандемиямен күреске» және «халықтың әлеуметтік өмірін жақсартуға» деп бөлінген ақшаны өз үгіт-насихаты мен әкімнің пиарына қалай жұмсайтынын зерттедік. Мысалы, бір өңірдің әкімдігі ондаған миллион теңге ақшаны «пандемия кезіндегі түсіндіру жұмыстарына жұмсалады» деп көрсетеді де, бірақ іс жүзінде бұл көбіне сол әкімнің пиарына кетіп жатты. Өйткені әкім өз өңіріндегі дәрігерлермен кездесіп, оларға ақыл-кеңес береді, маска тағудың маңызы мен дәрі-дәрмек жеткілікті мөлшерде болуы керек екені туралы онсыз да түсінікті нәрселерді айтып, осыны «пандемиямен күрес» деп түсінеді. Бұған миллиондаған ақша жұмсайды.

Мұны әкімдік көбіне жергілікті БАҚ-қа және жекеменшік республикалық медиаларға да төлегенін көрсеткіміз келді. Егер мемлекеттік БАҚ әкімдіктің, шенеуніктің пиарын жүргізсе, бұл үйреншікті болып көрінуі мүмкін. Бұл халықты таңғалдырмайды да. Біз республикалық жекеменшік медиалар шенеуніктердің пиарын қанша теңгеге жасайтынын да анықтадық. Мұны ақпаратты сауатты тұтынудың бір амалы деп білемін. Өйткені көпшілік жекеменшік БАҚ-тағы ақпаратты оқып, соған сенеді.

Мысалы, «Алматы әкімі Жетісу ауданында балабақша немесе мектеп ашты» деген ақпарат шықса, мұны оқырман «әкімнің жетістігі» деп есептеуі мүмкін және оның артында тұрған пиарды байқамай қалады. Ал бұл әкімнің онсыз да істеуі керек жұмысы еді. Мұны керемет жаңалық деп есептемейміз.

Ал кей әкімдік осы жұмысын көрсететін үш-төрт абзацтан тұратын бір ақпарат немесе бір видео үшін басылымдарға 2,5 миллион теңгеге дейін төлеген. Мұндай тапсырыстар әр өңірдегі әкімдікте бар. Шамамен әр әкімдік БАҚ-тарға бір тендерлік келісімшарт бойынша ондаған, тіпті жүздеген миллион ақша төлейді. Осы тендер аясында 10 шақты материал жазылады, әр мақаланың бағасы басылымның аудиториясына, рейтингіне байланысты белгіленеді. Біз осындай ақиқат бар екенін халыққа көрсеттік және мұны өте маңызды деп есептейміз. 

Халықты өз ақшасының қайда жұмсалып жатқаны алаңдата ма?

Деректерді Мемлекеттік сатып алу, eGov және басқа да осы сияқты ашық дереккөздерден аламыз. Әуеліде мемлекеттік органдарға ресми сауал жолдап көріп едік, бірақ, өкінішке қарай, жауап болмады. Ал тақырыптың өзектілігі жоғалып бара жатқан соң әрі қарай күтпей, ашық дереккөздермен жұмыс істей бастадық. Осылай, мемлекеттік органдарға сұрау салуды қойдық. Жазбаны жариялаған соң, тек бір өңірдің әкімдігі үн қатты. 2021 жылы Маңғыстау облысын қуаңшылық жайлап, мал қырылғанда әкімдіктен тендер алған ақпарат құралдары бұл тауқыметпен күресті белсенді насихаттады. Әкімдіктің тапсырысымен «өңірде жем-шөп жеткілікті», «тегін шөп таратылады», «мал азығы молаяды» деген сияқты материалдар жазылған. Осы кезде әкімдік «мұнша ақша жұмсалған жоқ» деп жауап берді, бірақ ашық дереккөздерде әкімдіктің қай басылымға қандай ақпараты үшін қанша ақша төлегені туралы деректер тұр еді. 

«Пандемия кезіндегі пропаганда» жобасы халықтың медиасауатын нақты кейстер арқылы арттыруға көмектесті деп есептеймін және жобамыз мақсатына жеткеніне сенімдімін. Көпшілігі әкімнің қаладағы қарапайым балалар алаңын ашқаны туралы ақпаратты жариялағаны үшін басылымдарға 100 мыңдаған теңге төленетінін білмейтін болып шықты. Басқа да медиалар, мысалы, Protenge сияқты жобалар жазбаларымызды бөлісіп, өздері де осы сияқты тақырыптарды зерттей бастады. 

Азаматтарға өзі төлеген салық қайда жұмсалып жатқаны әрдайым қызық, тек мұны оларға жеткізудің тәсілін жетілдіріп, жаңартып отыру қажет. 

Бұл материал Орталық Азияның Еуразия Қоры және Еуропалық Одақтың қаржылай қолдауымен «Сіздің даусыңыз маңызды. Технологиялар арқылы азаматтық шешім қабылдау» жобасы аясында әзірленген. Материалдың мазмұнына Мейірман Лес жауапты және Еуропалық Одақтың және Орталық Азияның Еуразия Қорының көзқарасын білдірмейді.