Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен құрылтайда Жүсіпбек Аймауытовтың бір шығармасы табылғанын айтқан еді. Оны саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия ғалымдары құпия құжаттарды зерттеп жүргенде тапқан.
Бұл туралы мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин жазды.
Архив құжаттарында «Тез өлмен» деген шығарманы Жүсіпбек Аймауытұлы абақтыда тергеуде жатқан кезінде жазған деп көрсетілген. Ол ішкі істер министрлігіне қарасты Қарағанды қалалық полиция департаментінің арнайы мемлекеттік архив қорындағы № 01093 ісінде сақталған. Бұл іс және басқа да көптеген құжаттар жақында мемлекеттік комиссия аясында құпиясыздандырылған еді, — деді Ерлан Қарин.
Оның айтуынша, шығарма төте жазумен жазылған. Сонымен қатар орыс тіліндегі қысқаша түсіндірмесі де бар.
Туынды туралы Қарағанды облыстық ОГПУ басқармасына қарасты арнайы бөлімінің басшысы Л.В. Кручинин жасаған тергеу хаттамасында да айтылады. Ол мұны алашордашыл азамат, Карлагта қамауда отырған Дамолла Битілеуовті тергеген кезінде анықтаған. Тергеуде Дамолла Битілеуов Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов және басқа да алашордашылармен қарым-қатынасы жайында айта отырып, Уайда Байбековпен екеуі Жүсіпбек Аймауытовтың өлеңі жайында әңгімелескенін тілге тиек еткен. Абақтыда жазылған шығарма сотталушылар арасында тарап кеткен. Дамолла Битілеуов өлеңді Уайда Байбековке айтып береді. Өз кезегінде У. Байбеков оны қағазға түсіреді. 1933 жылғы 14 маусымында Исмағамбет Мәкішов пен Нұрғали Кадаленконы тергеу ісі бойынша айыпталушыларды беттестіріп, хаттама толтырылады. Сол хаттамада И. Мәкішов Н. Кадаленконың өтінуімен Дамолла Битілеуовтен шығарманы алып, оны Кадаленкоға бергенін айтқан. Битілеуов туындыны Карлагта отырған сотталушылардың арасында насихаттап жүрген, — деп жазды мемлекеттік кеңесші.
Шығарма үш бөліктен тұрады. Қазірдің өзінде ғалымдар өлеңнің мазмұнын 20-жылдардағы дәстүрлі поэзияның стиліне жуықтайтынын айтып отыр.
Сондықтан туындыға филологиялық сараптама жасау үшін президент архивінің жанынан әдебиет және өнер институтының мамандары мен аймауытовтанушы ғалымдардан құралған арнайы топ жасақталды. Ғалымдар толық зерттеп, ортақ тұжырымға келгеннен кейін оның қорытындысы қосымша жарияланады, — деді Ерлан Қарин.