Астанадағы Kaspi bank бөлімшесінде қарулы ер адам қызметкерлерді кепілде ұстады. Бұл туралы полиция департаменті хабарлады.
Полицияның баспасөз қызметінше, қарулы ер адам ұсталды.
Достық көшесіндегі Kaspi банкінің ғимаратында ер адам мекемеге келушілермен бірге ішінен есікті құлыптап, қызметкерлерді кепілде ұстады. Банк ғимаратында күштік операция сәтті жүргізілді. Алдымен төрт адам босатылды, кейінірек барлық кепілге алынған адамдар босатылды, — делінген хабарламада.
Банк қызметкерлерін жедел жәрдеммен ауруханаға алып кетті. Барлығын дәрігерлер тексерді. Кепілге алынғандар да, басқыншы да зардап шеккен жоқ.
Басқыншымен келіссөзді ішкі істер министрі Марат Ахметжанов жүргізді. Ол сонымен қатар күштік операцияны басқарды.