Алматыда ашылатын екі жаңа метро бекеті «Шұғыла» және «Төле би» деп аталуы мүмкін. Бұл туралы қалалық мәслихаттың VI сессиясында тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Бақыт Қалымбет мәлімдеді.
Наурызбай ауданындағы «Шұғыла» шағынауданы Алатау даңғылының бойындағы №1 бекетті ономастикалық тәжірибеге сүйене отырып, жолаушылардың бағдар алуына ыңғайлы болуы үшін «Шұғыла» деп атау ұсынылып отыр. Ал Алатау даңғылымен ұзартылатын Төле би көшесінің қиылысында болатын №2 бекетке «Төле би» атауын беру ұсынылып отыр, — деді Бақыт Қалымбет.
Оның айтуынша, бұл ұсынысты Алматы ономастика комиссиясы құптаған. Енді Алматы әкімдігі мен мәслихатының бірлескен шешімімен ҚР үкіметінің жанындағы республикалық ономастика комиссиясына жолданады. Комиссия келісім берсе, Алматы әкімдігінің қаулысы бойынша шешім қабылданады.