Басты бетЖаңалықтарҚазақстанның өрт...

Қазақстанның өрт сөндірушілеріне қанша техника қажет?

Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев министрліктің материалдық-техникалық жабдықталуы туралы айтты.

Оның айтуынша, бүгінде елдімекендерді өрттен қорғайтын 426 өрт сөндіру бөлімі жұмыс істейді.

Бірақ бұл жеткіліксіз, нормативқа жету үшін әлі 121 өрт сөндіру бөлімін салу керек. Жоспарда бар. Бүгінгі күннің өзінде жол картасы бойынша Қазақстанда 21 өрт сөндіру бекетінің құрылысы жүріп жатыр. Қарап отырсақ кейінгі он жылда 18 нысан ғана салынған. Былтырғы жылдардан бастап осы жұмыстарды күшейте бастадық, — деді Ибрагим Күлшімбаев сенат отырысында.

Оның айтуынша, төтенше жағдайлар министрлігінің техникамен жабдықталуы 80%. Қазір 3 200 техника бар, әлі 430 техника қажет. Оның ішінде 15% немес 470 техниканың мерзімі 20 жылдан асып кеткен.

Осының бәрін шешу үшін президенттің тікелей тапсырмасы бойынша кешенді жоспар қарастырылған. Бүгінгі күні осы кешенді жоспарға барлық орталық мемлекеттік орган келісімін беріп, қол қою сатысында тұр. Сол бойынша наурыз айында республикалық бюджет комиссиясының отырысында қаралып, 605 миллиард теңге қаржы бөлінді. Соның ішінде 536 миллиард төтенше жағдайлар министрлігіне, 48 миллиард теңге экология министрлігіне, және 20 миллиард теңге жергілікті әкімшілік органдарына, — деді вице-министр.

Оның айтуынша, әуе құтқару жүйесін дамыту үшін кейінгі үш жылда 11 тікұшақ сатып алынды. Кешенді жоспар бойынша 2027 жылға дейін 16 тікұшақ алу жоспарланып отыр.

Кешенді жоспарда әлеуметтік жағдайлар да көзделген. Биыл өрт сөндірушілердің жалақысы 70%-ке дейін көтерілді, жоспар бойынша пәтері жоқ қызметкерлерге өтемақы төлеу үшін ақша қарастырылып отыр, — деді Ибрагим Күлшімбаев.