«Жаңа адамдар» қозғалысы «Заң» деген науқаны бір айдан аса уақыттан бері жүзеге асып келеді. Осы уақыт ішінде қауымдастық Астанадағы дүкендерде кәмелет жасқа толмағандарға алкогольді ішімдікті сату деректерін тексерді. Олардың арасында балаларға ішімдік сатқанды қалыпты көретін дүкеншілер бар. Бұл туралы қозғалыстың баспасөз хатшысы Алпамыс Әбілов мәлімдеді.
Қозғалыс белсенділері бір айдан астам уақыт дүкендерде 18 жасқа толмағандарға алкогольді ішімдік сату дерегін тексерді. Олардың арасында балаларға алкоголь сатқанына кешірім сұрағандар, енді мұны қайталмайтынын айтқандар да болды. Дегенмен балаларға ішімдік сатқаннан мүлдем қысылмайтындар да бар. Олар жұмысын әлі күнге дейін күнделікті жалғастырып жатыр.
Күйші Дина көшесі, 23/1 мекенжайында орналасқан Aidyn дүкенінің әкімшісі 16 жастағы жасөспірімге 40 градустық алкогольді ішімдік сатқан. Әдеттегідей, Жаңа адамдар қауымдастығы дүкен өкілдеріне өз қатесін түсініп, оны түзетуге мүмкіндік берген. Дегенмен олардың реакциясы, жұмсақтап айтқанда, өте дөрекі болған. Дүкен өкілдері өз қатесін мойындаудың орнына, біздің белсенділерімізге жұдырықпен ала жүгірді. Дүкен әкімшілігі өз істегенінен мүлдем ұялмай, одан әрі өз әрекеттерін ақтауға тырысқан, — делінген қауымдастық хабарламасында.
Қозғалыс белсенділерінің айтуынша, дүкен әкімшілігінің заңды бұзғанын әдеттегі әрі қалыпты әрекет санап отыр. Олар өз қатесін түсінбей, одан әрі өз ұстанымын қорғауға тырысады.
Дүкен иесі қозғалыс мүшелерімен әңгімелеспегендіктен олар итальяндық ереуіл, яғни бітпейтін кезекке тұрған.
Біз бір сағат бойы ең арзан тауарларды (сіріңке, сағыз және тағы басқа) данадап сатып алдық. Бұл әрекет дүкен иесіне қалыпты табыс табуға кедергі келтіреді. Әр «сатып алушы» заттың ақысын төлемес бүрын ұзақ уақыт бойы тауарларды қарап, олардың сапа деңгейін растайтын барлық құжат пен түбіртегін талап етті, — делінген қозғалыс таратқан хабарламада.
Осы уақыт ішінде дүкен иесі әдеттегі табысты емес, бар болғаны 200 теңге тапқан.
Қазір «Айдын» дүкені кәмелетке толмағандарға ішімдік сатуды доғармай отыр. Сондықтан біз итальяндық ереуілімізді жалғастырамыз. Қажет болса, басқа, одан да тиімді әдістерге көшеміз. Дүкен иелері заң талаптарын орындай бастағанша біз мұны тоқтатпаймыз. Заңды бұзатын дүкендердің әрекетіне жұртшылық бей-жай қарамауға тиіс, — дейді «Жаңа адамдар» қозғалысының мүшесі Төлеби Биқасым.
«Заң» жобасының мақсаты – қазақстандықтарға балаларға ішімдік сату, әйелдерге зорлық-зомбылық жасау немесе сыбайлас жемқорлыққа қатысты заң талаптарын күнделікті өмірде де сақтауды маңызды екенін түсіндіру.