Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов бұрынғы төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинге қатысты тексеріс жүргізетінін айтты.
Мәжіліс кулуарында журналистер ішкі істер министрінен Юрий Ильинге қатысты жеке іс немесе тексеріс жүргізу туралы сұрады.
Президент бас прокурорға тапсырма берді. Сол бойынша тексеру жүргізілетін болады. Өрт фактісі – бұл төтенше жағдай, адамдар қаза болды, сондықтан қылмыстық іс аясында тексеріс болады. Неге уақытылы шаралар қабылдамады? Мүмкін, салғырттық танытқан болар, қызметтік міндеттерін орындамаған шығар. Осының барлығы қылмыстық іс аясында тексеріледі, — деді ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.
Ол сонымен қатар өрттің ықтимал себептеріне тоқталып, қазіргі уақытта түрлі нұсқалар қаралып жатқанын айтып өтті.
Қасақана өрт қою, абайсыздық, найзағай түсу деген нұсқалар бар. Сараптама жүргізіледі. Тергеуге екі ай уақыт берілді, — деді министр.
Еске салайық, президент Абай облысындағы орман өрті аясында Юрий Ильинді төтенше жағдай министрі қызметінен босатты.