Басты бетЖаңалықтарҚасым-Жомарт Тоқаев...

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президентімен телефон арқылы сөйлесті

Түркия тарапының бастамасы бойынша мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесті.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Түркия президенті Абай облысындағы алапат өрт салдарынан адамдардың қаза болуына байланысты Қасым-Жомарт Тоқаевқа және бауырлас Қазақстан халқына көңіл айтты.

Әңгімелесуде тараптар екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Бұған дейін Семей орманшыларының қазасына Түркия үкіметі көңіл айтқан болатын.

Еске салайық, Семей орманындағы өрт 8 маусымда тұтанды. Өрт 60 мың гектардан астам алқапты шарпып, 14 адамның өмірін жалмады.

9 маусымда өрттің аумағы 20 мың гектарға жетті. От ошағына жақын маңдағы елдімекендердің тұрғындары эвакуациялана бастады. Семейде орман өртіне байланысты төтенше жағдай жарияланды.

10 маусымда өртті сөндіруге төтенше жағдайлар министрлігінен, орман шаруашылығы комитетінен, ЖАО және қорғаныс министрлігінен 1 000-нан астам адам, шамамен 252 техника жұмылдырылды.

11 маусымда мемлекет басшысы Абай облысына барып, қаза болған қызметкерлердің туыстарымен кездесті. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін сөгіс жарияланды.

Абай облысында төтенше жағдай кезінде қаза болғандар «Құрмет» медалімен марапатталды.

Мемлекет басшысы Семейде орманшылардың отбасы-жақындарымен кездесуде 12 маусым елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланатынын жеткізді.

12 маусымда Абай облысындағы өрт бойынша қылмыстық іс қозғалды.