Мемлекет басшысының өкімімен Светлана Жақыпова ҚР президенті жанындағы халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымына тағайындалды.
Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Светлана Жақыпова 1968 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген.
1991 жылы Целиноград мемлекеттік педагогикалық институтын, 2006 жылы Алматы экономика және статистика академиясын тәмамдады.
1984–1986 жылдары Қарой бастауыш мектебінде ұзартылған күн тобының тәрбиешісі, бастауыш сыныптардың мұғалімі болып жұмыс істеді.
1986–1991 жылдары – Целиноград мемлекеттік педагогикалық институтында білім алды.
1991–1995 жылдары — № 16 орта мектебінде, № 36 бастауыш орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі болып еңбек етті.
1997–1998 жылдары «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық» РМКҚ Ақмола қалалық бөлімшесі операциялық есеп жүргізу бөлімінің аға маманы, бас маманы болды.
1998–2001 жылдары «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық» РМКҚ Ақмола (Астана) қалалық филиалының экономикалық талдау бөлімінің бас маманы, бастығы, филиал директорының орынбасары қызметін атқарды.
2001–2008 жылдары «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық» РМКҚ Ақмола облыстық филиалының директоры болды.
2008–2011 жылдары Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік сақтандыру департаменті директорының міндетін атқарушы, директоры қызметін атқарды.
2011–2013 жылдары – «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Жобалау офисі бағдарламалар басшысы лауазымында еңбек етті.
2013 жылғы 19 тамыздан бастап 2014 жылғы тамызға дейін — Қазақстан Республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болды.
2014 жылғы тамыздан бастап — Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі болып тағайындалды.
2017-2019 жылдары Қазақстан Республикасының еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болды.
«Құрмет» орденімен марапатталған.