Абай облысындағы өртті сөндіру кезінде тағы бір адам жоғалып кетті. Бұл туралы Абай облысы полиция департаменті хабарлады.
Полиция департаменті Бесқарағай ауданының полиция бөліміне Долан ауылының тұрғыны, 1987 жылы туған Сергей Николаевичтің туыстары көмек сұрап жүгінген. Олардың айтуынша, Сергей Архипов 10 маусымда өзінің тракторымен өрт сөндіруге көмектесуге кеткен.
Жедел штаб ақпараты бойынша, Долан орман шаруашылығының тракторшысы Сергей Архипов 10 маусымнан бастап байланысқа шықпай қалған.
Полиция қызметкерлері төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, оның орналасқан жерін анықтау бойынша іздестіру іс-шараларын жүргізеді. Іздеуге жеке құрам қатысады. Сонымен қатар ер адамның мінген көлік құралын анықтау үшін аумаққа тікұшақпен шолу жүргізіледі.
Сергей Архиповтың орналасқан жері бойынша қандай да бір мәліметтер болса, 102 телефонына немесе жақын жердегі полиция бөлімшесіне хабарлауыңызды өтінеміз, — делінген жергілікті полиция хабарламасында.
Еске салайық, Семей орманындағы өрт 8 маусымда тұтанды. Алғашында 0,3 гектар аумақта ағаштар жанған, кейіннен өрт 60 мың гектардан астам алқапты шарпып, 14 адамның өмірін жалмады.