Басты бетЖаңалықтарСемей облысындағы...

Семей облысындағы өрттің түтіні Жетісуға жетті

Жетісу облысы төтенше жағдайлар департаменті ормандағы өрттің салдарынан жел бағытының өзгеріп, өңірді түтін басуына байланысты тұрғындарға ескерту жасады.

Құрметті Жетісу облысының тұрғындары мен қонақтары! Абай облысының аумағындағы ірі орман өртінің салдарынан жел бағытының өзгеруі нәтижесінде Жетісу облысының бірнеше аудандарының аумағы қалың түтінмен жабылды. Осыған байланысты сабырлы болуларыңызды және маска киюлеріңізді сұраймыз, — деп жазылған хабарламада.

Еске салайық, Семей орманындағы өрт 8 маусымда тұтанды. Алғашында 0,3 гектар аумақта ағаштар жанған, кейіннен өрт 60 мың гектардан астам алқапты шарпып, 14 адамның өмірін жалмады.

11 маусымда мемлекет басшысы Абай облысына барып, қаза болған қызметкерлердің туыстарымен кездесті. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін сөгіс жарияланды.

Абай облысында төтенше жағдай кезінде қаза болғандар «Құрмет» медалімен марапатталды.

Мемлекет басшысы Семейде орманшылардың отбасы-жақындарымен кездесуде 12 маусым елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланатынын жеткізді.