Басты бетЖаңалықтарАбай облысындағы...

Абай облысындағы өртке байланысты қылмыстық іс қозғалды

Абай облысындағы орман өрті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы бас прокуратура хабарлады.

9 маусымда Абай облысының орман алқабында болған өрт фактісі бойынша қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды (абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу). Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қылмыстық іс арнайы прокурорлардың іс жүргізуіне қабылданды. Құқық қорғау және арнайы органдардың тәжірибелі қызметкерлері қатарынан ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар адамдардың қаза болуына және қоршаған ортаға елеулі зиян келтіруге әкеп соққан ауыр зардаптарды назарға ала отырып, арнайы прокурор салғырттық фактісі бойынша қылмыстық істі тіркеді.

Оны тергеп-тексеру аясында жауапты лауазымды адамдардың іс-әрекеттеріне тиісті құқықтық баға беріледі.

Еске салайық, Семей орманындағы өрт 8 маусымда тұтанды. Алғашында 0,3 гектар аумақта ағаштар жанған, кейіннен өрт 60 мың гектардан астам алқапты шарпып, 14 адамның өмірін жалмады.